Үкіметте Бірыңғай цифрлық деректер базасы таныстырылды
Келер жылдан бастап балабақшаға кезекке қою онлайн тәртіпте жүзеге асырылады. Бүгін үкіметте Бірыңғай цифрлық деректер базасы таныстырылды. Ол Egov.kz мемлекеттік порталы және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Балабақшаны таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді. Пилоттық режимде пысықталып жатқан бұл жүйе кезектің ашықтығы мен оның бұрмаланбауына сеп болады. Сондай-ақ дәрі-дәрмектерді қадағалау бойынша да ақпараттық жүйе 2024 жылдың қаңтарынан іске қосылмақ. Ол дәрілік заттарды қайта жазу, өтірік есептен шығару, көлеңкелі айналымның алдын алады және бағасы мен жарамдылық мерзімдерін қадағалауға мүмкіндік береді.