Хабар телеарнасы

Ақтауда белгісіз препараттан уланған екі баланың жағдайы ауыр

Біреуі алты, екіншісі сегіз жаста. Екеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Тағы үш ересек адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға 21 қазан күні 7 шағын ауданда болды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, үйдің 7-қабатында тұратын азамат қандаладан құтылу үшін пәтерін өзі улаған. Препараттан сегізінші қабаттағы пәтерге аммиак пен көміртегі оксиді тараған. Салдарынан он айлық және екі жасар сәби уланып, көз жұмды. Күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Мереке Бекбаев, облыстық Балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
-2015 жылғы қыз баланың жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланып, педиатрия бөліміне жатқыздық. 2017 жылғы баланың жағдайы өте ауыр болуына байланысты реанимация бөлімшесіне аударылған болатын. Баланың есі енжар болды. Біз антидотын салып, дезинфикациялық терапиясын жүргіздік. Қазіргі таңда баланың жалпы жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты.

Нұралин Баржықов, облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
-Нақты қандай препарат екені анықталған жоқ. Бұл препараттар үйінен заттай дәлелдеме ретінде алынып, қажетті сот-химиялық сараптама тағайындалды. Қорытындысымен, белгілі болады. Рұқсат етілмеген препарат болса, құқықтық баға берілетін болады.