Қарағанды облысында сібір жарасы анықталды
Қарағанды облысының Топар кентінде сібір жарасының ошағы анықталуына байланысты карантин жарияланды. 3 адамнан індет белгілері анықталған. Тағы бірі бақылауда, сараптама нәтижесін күтіп отыр. Сібір жарасын жұқтырғандардың барлығы дерлік бір отбасының мүшесі. Олар қазір облыс орталығындағы инфекциялық ауруханада жатыр.
«Барлық науқастарда инфекцияның терідегі формасы»,- дейді мамандар. Ал ветеринарлар болса ауру ошағын іздеп жатыр. Белгілі болғандай, үй иесі ауырып тұрған 8 айлық бұзауды сойып, етін жегеннен кейін өзін жайсыз сезіне бастаған. Қазір елді мекенге кіріп-шығатын жолдарға блок-бекеттер қойылып, мал еті мен сүтін тасымалдауға қатаң тыйым салынды.
Ержан Жүнісов, облыстық клиникалық аурухананың инфекция орталығының басшысы:
- Науқастардың бірінің жағдайы өте ауыр. Өкінішке қарай оң динамика байқалмайды. Ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары протоколға сай ем қабылдауда. Олардың жағдайы қалыпты.
Азамат Өмірқұл, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы:
- «Мал ешқайда жайылмады, тек аулада тұрды»,- дейді. Қазір источникті табу үшін жұмыстарды атқарып жатырмыз. Мысалға ауру малдан жұғуы мүмкін, түрлі фактілер болады, шөптен жұғуы мүмкін. Жеген кезде ауызда жара болса сол арқылы да жұғуы мүмкін малдарға. Жем шөпті де қараймыз, бәрінен проба алынды, қазір референттік орталықта тексерілуде. Қазір тек еттен подтверждение берді.