Еңбек нарығындағы жағдай қалай?
Университет жұмыс берушіні кінәлайды. Ал жұмыс беруші айыпты жоғары оқу орнына тағады. Бір мәмілеге келе алмаудың кесірінен елде кадрлар тапшы. 2030 жылға қарай бұл қажеттілік 100 мың орынға жетеді. Астанада 15 мемлекеттен келген халықаралық сарапшылар еңбек нарығының сын-тегеуріндері мен перспективаларын талқылады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Елдегі білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет. Сонда ғана біз сапалы маман дайындай аламыз»,-дейді халық қалаулысы. Ал Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың сөзінше, әлемдік еңбек нарығы жаңа жаһандық үрдістер мен сын-тегеуріндерге тап болған. Еліміздің еңбек нарығының тұрақталығын қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының жобасы әзірленді.
Асқар Ниязов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту департаментінің директоры:
- Бізге қазіргі кездегі мамандардың ең тапшы болып отырған саласы - ауыл шаруашылығы саласы. Одан басқа қызмет көрсету саласында да біз мамандардың тапшылығын сезіп жатырмыз. Болашақта біз инновациялық, экономикалық дамуға бет бұратын болсақ, ол жақта, әрине, техникалық мамандарға да бізде сұраныс артатыны ол белгілі. Осы орайда біз 2030 жылға дейінгі еңбек нарығының даму концепциясын әзірлеп жатырмыз.