Елордада ІІІ халықаралық фармацевтикалық форум өтті
Қазақстандықтар тұтынатын дәрінің 50% өзімізде өндіру. Бұл межеге алдағы екі жылда жету көзделген. Астанада оны іске асыру тетіктерін талқылау үшін ІІІ халықаралық фармацевтикалық форум өтті. Оның аясында отандық және шетелдік компаниялармен бес меморандумға қол қойылды. Осы әріптестік арқылы елімізде инновациялық дәрі-дәрмектер дайындалатын болады. Оның ішінде онкологиялық ауруды емдеуге арналған препарат та бар. Өнімдер халықаралық стандарттарға сай етіп шығарылады. Оны ішкі нарықта тұтынумен қатар экспорттау да көзделген.
Ерхат Есқалиев, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:
- Біздегі дәрілердің Қазақстандық үлесі қазір 40% шамасында. 2025 жылы оны 50% жеткіземіз. Корея, Қытай, Индия оларда дәл осындай әріптестік арқылы өз өндірісін дамытты. Қазір дәрі өндіру саласындағы басты ойыншылар қатарында. Бізде соған ұмтылудамыз. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің логистикалық дәрі қоймасын Қазақстанда салу жұмысы басталды.