Елімізде бүйрек ауруы дендеп барады
Елімізде диализге тәуелді болғандардың саны 12% өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Әсіресе жастар арасында бүйрек ауруына шалдығу көрсеткіші жиілей түскен. Сырқатқа шалдыққандарға мемлекет тарапынан тегін ем-дом көрсетілуде. Дерттің дендеп бара жатқанына не себеп?
Гүлім Қайырбекқызы диализге тәуелді жандардың бірі. Бірақ бұл күйге бір күнде түскен жоқ. Кейіпкеріміз денсаулығы сыр бере бастаса да күйбең тірліктің қамында жүре берген.
Гүлім Қайырбекқызы, емделуші:
- Басында өте қатты жағдайым төмен болған. Көп ауырып, жұмыс істеп жүре бердім. Адамда вирус болады екен «красная волчанка» деген. Иммунитет түсіп кеткенде сол вирус кіріп кетеді екен. Бір жағынан білмеймін қандай екенін. Әйтеуір екі бүйрегім жасамай қалды.
Созылмалы бүйрек ауруы жыл өткен сайын жасарып келеді. Мамандардың айтуынша, аталмыш дерт 20-30 жас аралығындағы азаматтардан да анықталып жатыр.
Ерік Смаилов, жоғары санатты нефролог дәрігер:
- Кейде науқастар бар екенін білмейді. 3 сатыға дейін науқас білмеуі мүмкін. Ешқандай шағым болмайды, ол жүре береді. Кейін скрининг кезінде ауруханаға басқа аурумен барғанда көрінеді.
Бүйрек қызметін бір қалыпта ұстау үшін емделушілер аптасына үш рет, төрт сағаттан гемодиализге жатқызылады. Екінші амал – трансплантология. Бірақ оның өзі әркімге бұйыра беретін бақ емес. Себебі бүйрек тапшы.
Бахтиар Отыншиев, гемодиализ орталығының меңгерушісі:
- Біз квартал сайын ғылыми зерттеу қан орталығына пробиркаларды жіберіп отырамыз. Егер қандай да бір донор табылса олар 24 сағаттың ішінде күндіз болсын, түн болсын оларды өздері шақырып алады.
Қазақстанда аталмыш дертке шалдыққандар саны 8 мыңнан асады. Олардың 90% мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірлердегі жеке амбулаторлық диализ орталықтарында ем алады.
Салтанат Туғанбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас нефрологы:
- Қазақстан бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін 150 астам амбулаториялық диализ орталықтары бар. Олардың басым көпшілігі Бейнеу, Құрманғазы, Сарыағаш, Жетісай, Зайсан, Аягөз сынды алыс аудандарда орналасқан.
Бүгінге дейін елімізде 2700 азаматқа бүйрек трансплантациясы жасалған. «Халықтың бүйректі беруге деген көзқарасы өзгерсе көп жанның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туар ед»і, - дейді ақ халаттылар.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Болатбек Табалдиев