Ұлытау облысында жел электр станциясы салынады
Ұлытау облысында желден электр қуатын өндіретін станция салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жел қондырғысын орнататын мұнара құрастыру зауытының құрылысы басталмақ. Жылына 100 мұнара шығаратын инвестжобаны қазақ-қытай компаниялары бірлесіп жүзеге асырады.
Ұлытау облысының әкімдігі қытайлық «Синохайдро» және қазақстандық «ТехноГруппСервис» компанияларымен меморандумға қол қойды. Шетелдік инвестор энергетикалық қондырғыларға жауапты болады. Ал отандық мекеме жобалау, құрылыс және жасыл энергетика нысандарына қызмет көрсетуді мойнына алып отыр. Ауқымды жобаның жүзеге асуы өңір экономикасының дамуына айтарлықтай серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізбек.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
- Жалпы инвестиция 489 млрд теңге қаражат тұрады енді 1 млрд доллар. 3,4 млрд КВт энергия шығаратын мүмкіндік болады. Бұл өңірдің толықтай энергетикалық қажеттілігін шешіп, арзан шығаруға және бүкіл республикаға тасымалдауға мүмкіндік туады. Бұл бір жағынан экологияны да болашақта қымбат көмірден шығатын энергиядан бас тартуға мүмкіндік береді.
1 ГВт қуат өндіретін желэлектрстанциясын салу үшін Жаңарқа ауданынан 20 мың га жер бөлініп отыр. Ал жел мұнараларын шығару зауыты Жезқазғанның индустриалды аймағында орналасады. 2025 жылы іске қосылуы тиіс кәсіпорынның іргетасы қаланды.
Жомарт Момынбаев, «ТехноГруппСервис» ЖШС директоры:
- Жылына 100 мұнара салатын өндірісті жүргіземіз. 100 мұнара ол 500-600 МГВт жетеді. Ол өте үлкен санағанда. Ал енді бұл тек қана Қазақстанға емес, мына жақтағы өзбек елі, мына жақта түрікмен еліне экспорттауға күші бар.
Алып өндіріс ошақтарына қажетті жоғары кәсіби мамандар Жезқазған техникалық колледжінде даярланатын болады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешев, Гүлшаһира Серекбаева