Қарағанды облысындағы қараталақ ауруының ошағы іздестіріліп жатыр
Қарағанды облысының Топар кентінде қараталақ ауруының ошағы әлі табылған жоқ. Қазір ветеринарлар барлық мүмкін деген орындардан сынама алып, ұлттық референттік орталыққа жіберген. Бұдан бөлек жайылым мен шөп шабындықтарынан да сынамалар алынып, ветеринариялық зерттеуге жолданды. Жауаптылар Топар кенті маңында бұрын соңды бұл індет тіркелмеген деп отыр. Сондықтан шекаралас ауыл-аудандардан келді деген күдік бар. Бірақ ол әлі нақтыланбаған. Мамандар ауырған бұзаумен қатар тұрған тағы 3 ірі қараны өртеп жіберді. Қазір сауықтыру және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Данияр Мерғазин, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні эпизотиялық ахуал тұрақты. Қосымша ауырған мал тіркелген жоқ. Карантиндік іс-шаралар соңғы инфекция көзі жойылғаннан кейін және қортынды дезинфекцияның нәтижесіне сәйкес 15 күннен кейін алынады.