Өскемендік ғалым сал балаларды оңалтуға арналған кресло құрастырды
Өскемендік ғалым сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған кресло құрастырды. Профессор Досым Ерболатұлының айтуынша, Қазақстанда оның баламасы жоқ. Ал шетелдік креслолардың құны 3 есе қымбат. Жаңадан құрастырылған бұл отырғыштың массаж жасайтын механизмі, жылжымалы үстелі және саусақтарды жаттықтыруға арналған құрылғысы бар. Ол пультпен басқарылады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін ғылым қоры 100 млн теңге грант бөлмекші. «Алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған басқа да құрылғыларды құрастырамын», - дейді отандық ғалым.
Досым Ерболатұлы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор:
- Біздің елімізде сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған осындай техникалық құрылғыларды жасайтын ірі өндіруші жоқ. Сол себепті осы іске білек сыбана кірістім. Маған практикалық сабақ кезінде студенттер көп көмектесті.