Хабар телеарнасы

«Жұлдызың сөнбесін» деректі фильмі жарыққа шықты

Алматылық көрермендерге жаңа деректі фильм таныстырылды. «Жұлдызың сөнбесін» картинасы JUZ40 компаниясының тарихына негізделген. Жаңа толқын жастар түсірген фильм «Жолыңда сәтсіздік кездессе де, мақсатыңа жетуден бас тартпауға» үндейді. Деректі фильмнің премьерасы Kinopark 11 IMAX Есентай кинотеатрында өтті.

Мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын JUZ40 білім беру орталығы 2018 жылы құрылған. Кәсібін небәрі 20 оқушыны онлайн оқытумен бастаған шағын ұжым – бүгінде 700-ден аса қызметкері бар үлкен компания. Алғашқы белесті түйіндеген компания бес жылдық тарихын деректі фильмге арқау етіп, көрерменге ұсынды.

Нұржігіт Дүйсен, режиссёр: 
- Кез келген кішкентай болсын қадам, әрекет ертең үлкен нәтижеге алып келуі мүмкін. Көрермендерге кішкентай ғана әрекет – үлкен толқын жасай алатынын түсіндіру мақсатында түсірілген фильм.

Деректі фильмнің сценарийі орталықтың негізін қалаушы Жұлдызай Дүйсенбайқызының жүріп өткен жолын негізге алған. Өмірде кездескен қиындық шыңдайды, сәтсіздік қамшылайды. «Табандылық танытсаң мақсатыңа жетесің», - дейді ол. Деректі фильмнің көрерменге айтар ойы да осы.

Жұлдызай Дүйсенбайқызы, JUZ40 компаниясының негізін қалаушы: 
- Тек қана тестке дайындамай, жалпы өмірден өз орындарын табуға, жетістікке жетуге себепкер бола білдік деп ойлаймын. Түлектерге қолдау ретінде ҰБТ кезеңі ол жай ғана өтпелі кезең, одан ешқандай қорқудың, мұңаюдың қажеті жоқ. Түбінде бәрі жақсы болатынын көрсеткіміз келді.

«Жұлдызың сөнбесін» деректі фильміне компания қызметкерлері түскен.

Айта кетейік, оқу орталығы 5 жылда 45 мыңға жуық түлекті ҰБТ дайындап, кәсіби бағытын айқындауға себепші болған. Жетістік те қомақты. Биылғы ҰБТ нәтижесіндегі 13 рекордтық көрсеткіштің 8-і осы JUZ40 оқу орталығына тиесілі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов