Атырауда Wika неміс компаниясының бөлімшесі ашылды
Атырауда бақылау-өлшеу аспаптарын өндіретін Wika неміс компаниясының өндірістік бөлімшесі ашылды. Аталған компания 75 жылдан бері мұнай-газ, химия, машина жасау, тамақ және фармацевтика салаларында бақылау-өлшеу құрылғыларын өндіріп келеді. Әлемдік көшбасшы саналатын компанияның өнімі Қазақстан Республикасының мұнай компанияларында да жоғары сұранысқа ие.
Қысым мен температураны өлшеу құралдарын өндіретін зауыттың ашылу салтанатына Wika компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдері мен Үндістандағы сату жөніндегі атқарушы вице-президенті Кайгер Андреас бастаған делегация, мұнай-газ компанияларының басшылары мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Зауытты іске қосқан компания өңірде жыл соңына дейін бақылау-өлшеу аспабын жөндеу және сервистік қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отыр.
Андреас Кайгер, WIKA компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдері мен Үндістандағы сату жөніндегі атқарушы вице-президенті:
- Біз мұнай-газ саласына өте қажетті бақылау-өлшеу аспаптарын дайындайтын өндірісті іске қостық. Алдағы уақытта бұл жобаны кеңейткіміз келеді. Мұнда ірі мұнай компанияларымен жұмыс істейміз. Бұл жоба өңірдің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады деген сенімдемін.
Зауытта бақылау-өлшеу аспаптары, электронды температура датчиктері және манометрлер жасалады. Ал 2024 жылы калибрлеу зертханасын ашу жоспарланып отыр.
Энвер Шульгин, Wika компаниясының ТМД бойынша аға вице-президенті:
- Біз өз тәжірибемізді жергілікті мамандармен бөлісеміз. Сондай-ақ олардың біздің компанияда болсын, өзге де ірі мұнай-газ мекемелерінде жұмыс істеуі үшін біліктіліктерін арттырамыз. Алдағы уақытта кәсіпорынның жергілікті тапсырыс берушілерге көрсететін қызмет түрлерін көбейтіп, өндірісті кеңейтеміз.
Wika компаниясы еліміздегі кәсіпорындармен 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндірістік бөлімшесін ашқан компания енді Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетімен меморандумға қол қойып, студенттерді практикадан өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша мұнай-газ саласына қажетті білікті жас мамандарды даярлайды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов