Елімізде 11 млн тоннадан астам бидай жиналды
Биыл елімізде егін орағы ұзаққа созылды. Күздің үшінші айы келсе де, күн райының қолайсыздығынан астықты әлі толық жинамаған аймақтар бар. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, қазір 16 млн тонна дән қамбаға құйылған. Ал оның 11 млн тоннадан астамы – бидай. Осылайша жалпы егін алқабының 98% орылған. Алайда бидайдың жартысына жуығы сапасыз. Ведомство басшысы: «Өткен жылдан қалған тағы 3 млн тонна астық бар. Сондықтан ұн өнімдерінің жетіспеушілігі туындамайды», - дейді.
Жалпы биыл бидайдан бөлек 1,5 млн тоннадан астам майлы дақыл, 3,5 млн тонна картоп және 4,3 млн тонна көкөніс жиналған.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарына литріне 250 теңге бағамен 426 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіруге литріне 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша 62,5 мың тонна жеңілдікті дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Элеваторларға түскен бидайдың 40% жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. Тағы да атап өткім келеді, ішкі нарықта бидаймен проблема болмауы керек. Ұн және нан өнімдері азық-түлік коорпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтері арқылы қамтамасыз етілген.
Ал астықтың сапасы ұн өнімдерінің қымбаттауына алып келмей ме? Бұл сұраққа Үкімет басшысының орынбасары: «Ондай болжам жоқ», - деп жауап берді. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұған дейін ұн бағасының көтерілуіне логистикалық мәселелер сеп болған. Ал қазір оның барлығы оң шешіліпті.
Жиында журналистер, мал азығын да қозғады. Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше, бүгінде ел бойынша 24 млн тоннадан астам шөп жиналған. Бұл жалпы қажеттіліктің 98%. Ал қазір сабан жинау жүріп жатыр.
Одан бөлек сапасы нашар бидай да жем ретінде қолданылады. Сондықтан Айдарбек Сапаров: «Мал азығымен қамтуда ешқандай мәселе болмайды», - деп сендіріп отыр.