СҚО-да 12 шекара бекетінің құрылысы созылып кетті
«Қауіпсіз ел» бағдарламасы бойынша салынып жатқан әскери қалашықтар қараша айында тапсырылуы тиіс еді. Мердігер неге кешіктіріп жатыр? Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысандар қашан дайын болады?
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аймақтарында 12 бірдей бекет салына бастады. Солардың бірі Долматово ауылының маңында орналасқан. Жоба бойынша бұл жерде шағын әскери қалашық бой көтеруі тиіс.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- «Есіл» шекара бекеті осы қараша айында тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Қазір қызметкерлер тұратын үй, асхана, казарма, қару-жарақ қоймасы, ат қора, монша секілді нысандар дайын. Инфроқұрылым да тартылған. Енді ішкі әрлеу жұмыстары мен абаттандыруы қалды.
Қазір мұнда 15-ақ адам жұмыс істеп жатыр. Ал техникалар аумақ сыртында қаңтарылып тұр. «Жаңбырдан кейін жердің беті езіліп тұрып қалдық», - дейді құрылысшылар. Олар бәрін қолайсыз ауа райына жауып отыр.
Мәди Баймағамбетов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Жаңбыр жауса енді техника өте алмайды. Жұмыс жұмысшыларға да ауыр. Жүре алмайсың мұнда. Не материалды ішке кіргізуге өте қиын. Енді осы бетон құюға бетоносмеситель мысалы, кіре алмайды да, бетон доставкасы болмайды.
12 әскери қалашықтың құрылысына республикалық бюджеттен 34 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бірақ бірде біреуі уақытында тапсырылмады. Ал «Аралағаш» және «Қызылту» бекеттерінде жұмыс мүлдем тоқтап тұр. Енді олар келесі жылы бірақ аяқталуы мүмкін.
Сәкен Ормантаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаментінің басқарма бастығы:
- Соңғы мерзім бойынша екінші тоқсан 2024 жылдың. Сосын екінші кезең – ол 2024 жылдың тамыз айында. Сондай мерзім болып тұр. Жалпы құрылыстың созылуына не себеп болды? Жалпы құрылыстың созылуына мен айта алмаймын не себеп болғанын. Өйткені біздің жобада министрдің өздерінің кейбір жоспарлары болған шығар. Сол туралы сондықтан біз енді одан ақпарат біле елмаймыз, айта алмаймыз.
Осылайша құрылыс мерзімі кейінге шегерілді. Ал оған дейін елдің шетінде, желдің өтінде жүрген шекарашыларға бәз-баяғыша қызмет етуге тура келеді. Олар ауыл–ауылдарда біреудің үйін жалдап тұрады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков