Жамбыл облысындағы саябақ қайта жөнделеді
Сақалды құрылыстардың тағы бірі – Жамбыл облысында. Қаратау қаласында 4 жыл бұрын басталған саябақ құрылысы аяқсыз қалды. 1 гектардан аса аумаққа еңселі ту тұғыры орнатылып, субұрқақтар салынып, абаттандырылуы керек еді. Алайда «Рухани жаңғыру» деп аталған аллея қазір ажарсыз алаңға айналған. Қараусыз саябақ ішін арамшөп басып, кіреберіс қақпасының іргесі сөгілген. Қала билігі: «Саябақ құрылысының күрт тоқтауы – сол тұстағы бөлім басшысының сотты болуына байланысты»,- дейді. Бүгінде шаһар билігі жұмысты жалғастыруға рұқсат алған. Демалыс орнын жаңғыртуға 2024 жылы бюджеттен қайта қаржы бөлінбек.
Ұлан Сәрсенбек, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары:
- Бізде қазіргі таңда қала тұрғындары қала ардагерлері тарапынан осы «Рухани жаңғыру» аллеясын қайта жаңғырту бойынша сұраныстар келіп түсуде. Қазіргі таңда шектеу алынды. Енді осы қалған жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама қайтадан жасалып, бюджетті жоспарлау бөліміне қайта өтінім берілетін болады.