Өскеменде көпірдің тіреуін су шайып кетті
Өскеменде Үлбі өзеніндегі бір көпірдің тіреуін су шайып кетіп, оны жабуға тура келді. Салдарынан шаһардың өнеркәсіптік аумағына жету мұңға айналды. Зауытта жұмыс істейтін тұрғындар айналма жолмен әрең жетіп жүр. Ал қала басшылығы болса инженерлік құрылыс мамандарын жинап, гидроқұрылғыны қалпына келтірудің қамына кіріскен.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Үлбінің үстімен өтетін 5-6 көпір бар. Барлығының да көлік қозғалысы үшін орны бөлек. Ал тіреуін су шайған мына гидроқұрылғының 70 жылдық тарихы бар. Арғы жағада ірілі-ұсақты бірнеше зауыт тұр. Ондағы жұмысшылардың барлығы осы көпір арқылы өтеді. Енді мінеки, бір аптадан асты жұмысшылар ол жаққа тек айналма жолмен ғана жетіп жүр.
Өткен аптада жауын үзілмегендіктен, Үлбінің суы бірден 75 см-ге көтерілді. Бұл шектік мөлшерден едәуір төмен көрсеткіш болғанмен, ескі көпірдің тіреуі шыдас бермеді. Көлік қозғалысы, бағдаршамдар бағыты бірден өзгертілді. Жанама жолдарда транспорт ағыны артты.
Сергей Коваленко, қалалық полиция басқармасы жол техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы:
- Мына жердегі өзге көпірлерден бөлек, орталық даңғыл, Абай көшесі көлікке лық толды. Кешкұрым кептеліс болады. Соны азайту үшін бағдаршам уақытын қайта қарастырдық, кейде тіпті қозғалысты қолмен реттеуге мәжбүр болып жүрміз.
Өскеменнің көшелерімен тәулігіне 60-65 мың көлік жүретін болса, соның 7-8 мыңы осы гидроқұрылғыдан өтеді екен. Көне көпірге биыл 20 млн теңге бөлініп, жол жабыны жөнделді. Алайда оны ұстап тұрған тіреуштердің де уақыты жеткен сыңайлы. Автосарапшы Евгений Черныш бірнеше жылдан бері шаһардың жол желісін зерттеуге бас қатырып келеді. Айтуынша, жаңа жолайырық, мықты көпір салатын уақыт жетті.
Евгений Черныш, сарапшы:
- Халық саны өсіп келеді, жаңа ықшамаудандар да көп салынып жатыр. Көлік те көбейіп кеткен. Бірақ қаладағы жол желісінде өзгеріс аз.
Әлібек Тұрсымбетов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Қазіргі кезде арнайы мамандармен, көпір саласының мамандарымен талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бірнеше күн ішінде оның шешімі толықтай белгілі болады. Жаңағы жұмыстың көлемі, қаражаты және қай уақытта көліктер қозғалысы қайтадан жұмысқа келетіндігі туралы.
Алдымен геодезиялық зерттеу жүргізіліп, ғарыштық фототүсірілімдер жасалмақ. «Тек содан кейін ғана оны жөндеу жолдары нақты белгілі болады», - дейді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин