Сұйытылған газ бағасы бензинмен теңесуі мүмкін
Себебі елде автогаз тапшы. Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. 9 айда газ тұтыну көлемі 25%, яғни 250 мың тоннаға дейін өскен. Сондықтан Астанамен қатар Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында тапшылық байқалады. Қазір «Теңізшевройл» компаниясы ай сайын 10 мың тонна көгілдір отын жеткізеді. «ҚазМұнайГаздың» бүкіл өнімі ішкі нарыққа бағытталады. Алайда көліктерді газға ауыстыру қарқыны осылай жалғаса беретін болса, тапшылық артады. Енді 5 жыл бойы бағаны біртіндеп көтереміз. Газға ауысу тәртібін де қатаңдату жоспарда. «Сондықтан қазақстандықтар газға көшуге асықпауы керек»,- дейді министр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Көліктер осы қарқынмен газға ауыса берсе, өндіріс қарқынымыз қысқа мерзімді қажеттіліктерге де жетпей қалады. Сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр боламыз. Ол кезде баға мүлдем басқа болуы мүмкін. Тіпті бензинмен теңеседі. Сондықтан қазір автокөліктерді газға көшіру тәртібін қатаңдату мәселесін қарастырып жатырмыз.