Нартай Аралбайұлы: $775 млн бөлу ақылға сыя ма?
775 миллион долларға жетістігіміз осы ма? Депутат Нартай Аралбайұлы спортқа жұмсалып жатқан қыруар қаржының нәтиже бермегеніне шүйлікті. Депутаттық сауалында халық қалаулысы елімізде 180 спорт түрі тіркелгенін айтты. Соның 50-і ғана жазғы олимпиада ойындарына іліккен. Нәтиже көңіл көншітпейді. Ал бөлінген қаржы шаш етектен. Депутат: «Сондықтан ысырапқа салынбай, қаржыландырылатын спорт түрлерін қысқарту қажет»,- дейді. Мемлекет тек олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдолимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беру тиіс. Себебі ұлттық спорттың жайы бөлек. «Келер жылға бар болғаны 10 млн 460 мың теңге бөлінеді. Бұл қаржы тым аз», - дейді депутат. Сондай-ақ ол кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеп, легионерлерге бюджет есебінен айлық төлеуді тоқтатуды ұсынды.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша беретін 180 спорт түрінің ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг дегендер жүр. Бұл атауларды бұрын естігендер бар ма өзі? Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар, спорт на пилоне деген. Іздеп қараңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайтындарыңызға мен кепілмін.