«АрселорМиттал» Қазақстаннан кетеді
«Арселор Миттал» осы айдың аяғына дейін Қазақстаннан кетеді. Қазір акционерлердің шығуын жылдам жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар жасалып жатыр. Бұл туралы Сенат отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Ал қандай шартпен кететіні әзірге айтылмады. Келісім ресми рәсімделіп, аяқталғанға дейін құпиялылықты сақтау туралы уағдаластық жасалған. «Кәсіпорында қазір 32 мың адам еңбек етеді. Біздің ендігі міндетіміз — металлургиялық комбинаттың ұзақ мерзімді әрі табысты жұмыс істеуін қамтамасыз ету»,— деді министр. Сенат отырысында бұдан өзге 15 серпінді жобаны іске асыру талқыланды. Оның ішінде мыс балқыту зауыты да бар.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
-Мысқа басымдық беруіміздің өзіндік себебі бар. Әлем бойынша бұл өнімге деген сұраныс алдағы уақытта екі есеге дейін артады деп болжануда. Өйткені электромобиль мен технологиялық құралдар өндірісі артып жатыр. Мыс сол салада көп қолданылады. Осыған ұқсас өзге де өндірістер бар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Жолдау аясындағы 15 ірі серпінді жобаны сапалы іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында үлкен маңызға ие. Бұл мәселе кешенді тәсілдерді және тыңғылықты талдауды қажет етеді. Сондықтан бүгін айтылған ұсыныстардың бәрі назардан тыс қалмауы керек. Сенат алдағы уақытта да аталған маңызды жобаларды іске асыруға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын.
Еліміздегі гидротехникалық құрылыстардың 24-і апатты жағдайда тұр. Ал 1 мыңнан астам гидронысан талапқа сай емес. Сенатор Сәкен Арубаевтың айтуынша, инфрақұрылымның нашарлығынан судың біраз бөлігін жоғалтып жатырмыз. Оған қоса соңғы 10 жылда елімізде 300-ден астам су тасқыны болған. Бұған осы гидротехникалық құрылыстардың талапқа сай болмағандығы да басты фактор болды. Мыңға жуық нысаннның тіпті техникалық құжаты жоқ екен.
Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстанда гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы дербес заң қабылдау, гидротехникалық құрылыстың техникалық жағдайын жақсартуға және арнайы жол картасын дайындау және нысандарды нақты түгендеп, есепке алу, қажетті қаражатты бөлу.