Хабар телеарнасы

Алматыда II Республикалық «Ділмар» шешендік өнер сайысы өтті

Алматыда студенттер арасында II Республикалық «Ділмар» шешендік өнер сайысы өтті. Биыл іс-шара Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына орайластырылды. Байқауға ел аймақтарындағы жоғары оқу орындарынан келген 14 студент қатысып, ой ұшқырлығы, білімнің тереңдігі, ақыл парасаты, логикалық ойлау деңгейі бойынша сынға түсті. Жеребе бойынша жұптасқан қатысушылар байқау барысында берілген тақырыпта сөз таластырып, тосыннан қойылған сұрақтарға ұтымды жауап беруге тырысты. Үздік шыққандар қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Жарқын Сәленұлы, жоба жетекшісі, ұйымдастырушы:
-Мұның бір ғана мақсаты бар. Қазақтың сөз мәдениетін, сөйлеу шеберлігін, ана тілінің абыройын, біздегі әдемі сөйлеу, әуезді сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу деген керемет қасиеттерімізді қайта тірілту, жаңғырту, жан бітіру. Ол осындай практикалық сайыстар, сабақтар арқылы үздіксіз шыңдалу арқылы біз сол мақсатқа жете аламыз.