Павлодарда мамыргүл мен терек ағаштары бүршік жарып жатыр
Бұған қараша айының аномальды жылы болуы әсер еткен болуы керек. Биологтардың айтуынша, мұндай құбылыстар табиғатта кездеседі. Алайда күн күрт суытып, аяз түсетін болса, жеміс ағаштары үсіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ ауылшаруашылық дақылдарына зияны тиеді. Мәселен, мерзімінен бұрын өсіп шыққан көпжылдық шөптерді көктемде қайта егуге тура келеді. Синоптиктердің айтуынша, жылы ауа райы әлі бірнеше күн сақталады. Бұл солтүстік шығысқа келіп жатқан атлантикалық циклонның әсері.
Татьяна Пономарёва, биолог:
-Менің ойымша айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Тек күзде егілген көпжылдық шөптер немесе қалпына келтірілген жайылымдық жерлерде тұқымның бір бөлігі шығынға ұшырайды. Сондықтан көктемде қайта егу қажет болады. Ал ағаштардың өскіндері сақталады.
Надежда Аринова, синоптик:
- Қарашаның 18-іне дейін түнгі уақытта ауа температурасы нөл градус шамасында болады. Ал күндіз 3-8, 5-10 градусқа дейін жылынады. Осы айдың 19-нан кейін солтүстік аймақтарда -3, -8, түнде 13 градусқа дейін күн суытады деп болжап отырмыз.