Таразда марқұм болғандардың баспанасын заңсыз иеленгендер ұсталды
Таразда бақилық болғандардың баспанасын заңсыз иеленген 7 адам ұсталды. Алаяқтар алдымен иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен үйлерді анықтаған. Сөйтіп мүлікті алу үшін мұрагер ретінде жалған құжат жасап, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттерге барған. Одан соң қолдан жасаған құжаттарды сотқа ұсынып, шешімімен үйді өздеріне рәсімдеп отырған. Осылайша 2 жылда құны 300 млн теңгенің 20 баспанасын иемденіп, кейбірін сатып үлгерген. Қазір жергілікті билік қылмыскерлерден алынған жылжымайтын мүлікті әкімдік балансына алып жатыр.
Ердос Мақашев, Жамбыл облыстық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:
- Бұл фактілер бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр 1 қылмыстық іс бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Биыл 2 адам 2 және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Қалған 15 факті бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.