Балық шаруашылығында маман тапшы
Грант көп, талапкер аз. Балық шаруашылығына қатысты соңғы жылдары осындай жағдай қалыптасып отыр. Жауаптылардың айтуынша, бұл бағыттағы мамандықтарға жылына 120 грант бөлінеді. Ал оқуға түсетіндер саны 15-20 адамнан аспайды.
Қазақстандықтар жылына 67 мың тонна балық тұтынады. Экспортқа 30 мың тонна өнім шығарылады. Елімізде ірілі-ұсақты 380 балық шаруашылығы бар.
Ішкі тұтыну – 67 мың тонна
Экспорт - 30 мың тонна
Кәсіпорындар – 380
Үкімет бұл көрсеткіштерді үш есеге дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Саладағы мәселенің бірі - кәсіби маман тапшы. Сондықтан мемлекет жыл сайын Орал, Алматы мен Астана қалаларындағы университеттерге 120 білім грантын бөледі. Бірақ бұл салаға маманданғысы келетіндер аз. Мәселен, қазір елордадағы жоғарғы оқу орнында небары 7 студент бар.
Ернұр Әскербайұлы, студент:
- Біздің ауылда жақын маңда Нұра өзені бар. Көптеген балық түрлерін аулаған болатынбыз. Балық шаруашылығы мені бала кезден қызықтырды. Сондықтан осы мамандыққа түсуді шештім.
Ғалымдар бүгінде балық шаруашылығына ғылыми жетістіктерді қолдануға күш салып жатыр. Ондағы мақсат – жаңашылдықтар енгізу. Айтуларынша, пайдаланылған суды да кәдеге жаратуға болады. Әсіресе жылыжайларда.
Қуаныш Сыздықов «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
- Біріншіден, біз балықты өсіреміз. Екіншіден, көкеніс өнімдерін аламыз. Ол қалай десеңіз. Балық өмір сүрген суда көптеген органикалық заттар болады. Оны біз өсімдік тамырларына жібереміз. Әр адам кішкентай ғана аймақта балық өсіре алады.
Бекіре, тұқы, форель, албырт, тілапия, табан, жайын тағы басқа. Қазақстанда коммерциялық бағытта өсірілетін балықтардың негізгі түрлері осы. Сатбек Аңсар қазір осы теңіз маржандарын қоректендіру бағытын зерттеп жүр.
Сатбек Аңсар, магистр:
- Біздегі шаруашылықтар қазір оны негізінен шетелден сатып алады. Өзіміздің қоректі шығаруды мақсат етіп қойсақ, біздің балық шаруашылығы дамиды. Мен соған қол жеткізгім келеді.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Бұл бөлменің ауданы 70 шаршы метр. Оны бекер айтып тұрған жоқпын. Осындай орында шабақтарды суға жіберу арқылы небары 6 айда 5 тонна балық алуға болады екен. Табатын пайданы өзіңіз есептей беріңіз.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тоқтар Терлікбаев