20 миллионыншы тұрғынның бірі Талдықорғанда тұрады
Еліміздің 20 миллионыншы азаматы атанған бес нәрестенің бірі Талдықорған қаласында дүниеге келді.
Бөбегін бауырына басқан Диана Әзімбаева еліміздегі жиырма миллионыншы азаматтың анасы. Ол қарашаның он төрті күні орталық перзентханаға түскен. Дәрігерлер таңғы сегізде босандырып алыпты. Айсұлтан деп атаған сәбидің салмағы үш келі, бойы 50 см.
Диана Әзімбаева, анасы:
-Өте қуаныштымын денсаулығым жақсы, баланың да денсаулығы жақсы. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр. шүкір аман-есен.
Айсұлтан отбасындағы төртінші бала. Алдында бір әпкесі және екі ағасы бар. Шаңырағы шаттыққа бөленген қуаныш иелеріне 2 млн теңгенің сертификаты беріліп, тарту таралғылар табыс етілді.
Отағасының есімі — Мұхтар. Майор шеніндегі қызметкер он жылдан бері 21751 әскери бөлімінде еңбек етіп келеді. Көпбалалы әке жұмыстан шыға сала перзентханаға жетті. Ерекше қуанып жүрген ол ата-анасын елге танытқан бөбектің болашағына зор үмітпен қарайды.
Мұхтар Әзімбаев, әкесі:
-Айсұлтан еліне қызмет ететін, жұртына қызмет ететін үйде менің балам сыртта Қазақстан еліне жұртына қызмет ететін халықтың баласы болып өсуін тілеймін.
Жыл басынан бері Жетісу облысында 10500-ден аса нәресте дүниеге келді. Олардың жетпістен астамы егіз.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов