Көмір қымбат па?
Кеше Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 6 айға жүк көлігімен көмір шығаруға тыйым салды. Бұл қадамды ведомство жылыту маусымы кезінде халықтың және коммуналды-тұрмыстық сектордың қажеттілігін өтеу, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік мақсатымен түсіндірді. Қазір елімізде көмір тапшылығы бар ма және оны шалғайдағы ауыл-аймақтарға жеткізу мәселесі қаншалықты өзекті? Сараптамалық орталықтан Берік Дүйсенбай сөйлесін. Кеш жарық Берік, қазір көмір қаншалықты қымбат?
Берік Дүйсенбай, тілші:
-Рахмет Мөлдір. Жалпы жыл басынан бері көмір шамамен 15% қымбаттаған екен. Республика бойынша әлеуметтік көмірдің бір тоннаға орташа бағасы 9-10 мың тг болса, бөлшек саудада 14-15 мыңның үстінде. Шалғай ауылдарға жеткенше ол қымбаттайды. Абырой болғандай ауа-райы көмек болып тұр. Бүгін Абай облысының Ақсуат ауданы тұрғынымен хабарластым, тоннасына 32 мың теңгеге дейін барады дейді. Өкінішке орай өзі эфирге шығып түсініктеме беруден бас тартты.
Берік Дүйсенбай, тілші:
-Сонымен әуелгі сұрақ: елде көмір жеткілікті ме? Біз әдетте өткен жылмен салыстыруға үйірміз ғой. Былтырға қарағанда биылғы өнім аздау екен. Бірақ бұл қара аспан төнді дегенді білдірмейді.
Маман Еженхан, Абай облысы Үржар ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Әдетте ел аумағында тұтынылатын көмірді бөлу мәселесін көктемнен бастап жоспарлайды. Мәселен, биылғы жылыту маусымына қатысты қам қарекеттер сәуір айында басталып, Үкіметте жиын өткен болатын. Сол кезде Индустрия және инфрақұрылым министрі Марат Қарабаев 5 облыста, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Түркістан және Қызылорда өңірлерінде халыққа арналған үлестен жырып 400 мың тонна көмір сатылып кеткенін айтқан болатын. Алдын алу шарасы ретінде кеше Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көмірді көлікпен шығаруға тиым уақытша салды.
Жанат Игісінов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы :
- Былтыр халықтың тұтынуына деп теміржолмен өңірлерге жеткізілген 900 мың тонна көмірдің 200 мың тоннасын көршілес елдерге шығару фактілері тіркелді. Жамбыл, Түркістан облыстарының шекаралас аймақтары тұрғындарынан арыз-шағым көп болды. Мәселен, Жамбыл облысындағы көмір бөлу орындарынан Қырғызстанның көліктері көптеп тиеп әкетті. Ал Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қоңыр көмір деп атауын бұрмалап көрсетіп, тас көмірді Ресейге тасып келген. Сондықтан жүк көлігі арқылы көмірді шығаруға 6 ай мерзімге уақытша тиым салуымызға тура келді.
Уақытша тиым 26 қарашадан бастап күшіне енеді және Өнеркәсіп министрлігінде атап өткендей Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес көмірді арнайы лицензиясы бар мекемелер ғана сыртқа шығара алады. Бұлар негізінен көмір өндірушілермен соларға жағаттас компаниялар. Бұл шаралар көмір тапшылығын болдырмауға септесуі керек, ал ішкі нарықта бөлшек сауданың бағасы шамасы сол күйінде қала береді. Мәселен, шалғай өңірлерде былтырдан бері тоннасына шамамен 3 мың теңгеге қымбаттаған. Алдағы уақытта ол тағы өсуі мүмкін. Себебі жолдың алыстығы мен сапасы бір айда немесе жарты жылда шешіле салатын шаруа емес. Оның сыртында жанар-жағармайдың мәселесі және бар.