Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны 6 жасқа толды
Жетісу облысындағы еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы биыл 6-да. Ол қазір Талдықорған қаласындағы №29 лицейдің мектепке дейінгі даярлық тобына барып жүр. Мүслима ерекше куәлік алатын Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындарын құттықтап, өзінің ақ тілегін ақтарды.
Мүслима 2017 жылы 11 мамырда Талдықорғанда дүниеге келді. Ата-анасы облыс орталығындағы өзі білім алып жүрген № 29 мектеп-лицейінде сабақ береді. Әкесі Самат Бестібай – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал анасы Диана Омарханова дефектолог болып жұмыс істейді. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген жақсы сөз бар. Бағзы замандардан жеткен сол мақалда айтылғандай, Мүслима да мынау жарық дүниеге өз несібесімен келген қыз.
Самат Бестібай, Мүслиманың әкесі:
- Оның алдында біздің Сұлтан деген үлкен ұлымыз болған. Одан кейін Мүслима дүниеге келді. Облыс әкімі үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Қазір міне, осы үйде, сол шаңырақта бізден сұхбат алып отырсыздар. Мүслиманың артынан еріп келе жатқан Алима деген қызымыз бар. Болашақта тағы да жоспарымызда көпбалалы отбасы болу ойымызда бар.
Диана Омарханова, Мүслиманың анасы:
- Енді еліміз 20 млн толып жатыр деген үлкен қуаныш естіп жатырмыз. Сол 20 миллиондық қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Бұл енді тек қана сол отбасының қуанышы емес, бұл барша еліміздің, Қазақстанның қуанышы десек те болады.
Мүслима бос уақытында сурет салумен және көркем гимнастикамен айналысады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Ол жақында Талдықорғанда көркем гимнастикадан өткен жарыста бірінші орын алды.
Мүслима Саматқызы, Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны:
Әкең – асыл ардағың,
Анаң – дана қорғаның.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындарын құттықтаймын! Өсе берсін, ауырамасын!
Мүслима Саматқазы болашақта дизайнер болуды армандайды. Ал оның ата-анасы елдегі демографиялық ахуалды жақсарту үшін Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып, халықтың әл-ауқаты арта түсуі тиіс деген пікірде.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина