Ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтарға жұмыс табу оңайырақ болады
Қарағанды облысында халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға ден қойыла бастады. Ол үшін мүгедектігі бар жанды жұмысқа алғысы келген мекеме «Мансап» орталығына өтініш береді. Өз кезегінде мемлекеттік мекеме мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа алған кәсіпкер үшін де қолайлы жағдай жасайды. Алдағы уақытта облыстың бірнеше қаласында осындай жаңа жұмыс орындары ашылады.
Светлана Рябцеваның бала кезінен есту қабілеті нашар. Үшінші топтағы мүгедектің қалыпты ортада жұмыс істеуі қиындық тудыратын. Себебі өзгелермен тілдесуі оңай емес. Қазан айында «Мансап» орталығы арқылы тігінші болып жұмысқа орналасқан.
Светлана Рябцева, тігінші:
- Есту қабілетім нашар болса да, маған бәрін жақсы түсіндіреді. Мен оларға ым-ишара тілін үйретемін. Әріптестерім жақсы. Тігуді интернатта оқыған кезде үйренгем. Содан бері тігіншілікті тастаған емеспін.
Қазір Светлананың айлық табысы – 150 мың теңге. Ол әріптестерімен бірге арнайы киімдер тігеді. Тапсырыс көп, ал тігінші мамандар тапшы. Сондықтан бағдарлама кәсіпкерге де тиімді. Ұлттық жоба аясында осал топты қалыпты ортаға бейімдеу көзделіп отыр.
Қаламқас Сауханова, «Айзере» тігін цехының басшысы:
- Ол кісімен жұмыс істеу бізге қиын емес. Себебі ол кісі тігінші ретінде жақсы тігеді. Және коллективте тігіншілермен жақсы жұмыс істейді, қарым-қатынастары жақсы. Ол кісіге ештеңе үйретіп керек емес, себебі өзі біліп тұр бәрін.
Рүстем Манапов, Шахтинск қаласындағы «Мансап» орталығының басшысы:
- 3 жыл бойы мемлекет оның жалақысын субсидиялайды. Бірінші жылы 70, екінші жылы 65, одан кейін 60% субсидиялайды. Өтінімде соның бәрін кәсіпкер көрсетеді, ол заңға қайшы келмесе бәрін аламыз.
Жуырда облыс бойынша тағы 15 жуық осындай арнайы жұмыс орнын ашу жоспары бар. Өтініштер Теміртау, Балқаш, Саран қалалары және Бұқар Жырау ауданынан келіп түскен.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар