Елдегі локомотивтердің жартысынан көбі тозған
Жалпы 1880 бар десек, соның 52% ескі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Магистралды желілердің де жағдайы көңіл көншітпейді. Шамамен 60% тозған. Мұның бәрі сайып келгенде, пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде. Сондықтан Үкімет басшысы жауапты министрлік пен «Самұрық - Қазына», «Қазақстан темір жолы» компанияларына бірлесіп, жылжымалы құрамды жаңартуды тапсырды. «2029 жылға қарай тозу деңгейін 40% дейін төмендету керек», - деді Әлихан Смайылов.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Қажетті локомотивтер санын қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында осы жолы 133 бірлік локомотив сатып алынды. Локомотивтердің негізгі өндірушілері – отандық локомотив және электровоз құрастыру зауыттары болып табылады. Тарту ресурстарының тапшылығын ескере отырып, қосымша 200 бірлік локомотивтер сатып алу мәселесі пысықталуда.