Цифрлық теңгемен төлем қалай жасалады?
Төл валютамыз теңгенің үшінші сипаты пайда болды. Бұған дейін біз қолма-қол ақшамен, банк қосымшаларындағы қолма-қолсыз ақша арқылы есеп айырысып келсек, енді үшінші форма іске қосылды. Ол – цифрлық теңге. Ол халықаралық деңгейде төлем жасау, смарт-келісімшарттарды орындаудағы технологиялық мүмкіндіктерді ашады. Айталық, тұтынушылар мобильді қосымшалар, банк карталары, NFC, QR және т.б. жүйелер арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлық теңгемен өзге де операциялар жасай алады.
Цифрлық теңгенің қарапайым тұтынушы үшін айрықша бір артықшылығы – алдағы жылдары онымен интернет желісіне қосылмай-ақ төлем жасай беретін мүмкіндік туады. Цифрлық валютаның қауіпсіздігіне Ұлттық банк жауап береді, бірақ клиенттің дербестігі толық сақталады.
Ерлан Ашықбеков, ҚР Ұлттық банкі төлем жүйелері департаментінің директоры:
- Бұл жерде қолданушы – әрбір жеке азамат. Өзі дербес шешеді. Біздің ұлттық валютаның қандай формасында жұмыс істеу керектігін. Бұл жерде ешқандай да бір шектеу, қандайда бір қадағалау функциясы болмайды. Әрбір азаматқа оның құпиялығы, банктің құпиялығы және оның операцияларының конфедециалдығы толыққанды қамтамасыз етілетін болады, оған кепілдік беріледі.