Жыл сайын 80 әйел отбасындағы зомбылықтан қаза табады
Ресми деректі Бас прокуратура өкілдері айтты. Отбасындағы жанжалға қатысты полицияға күніне 300 шағым түседі екен. «Дені – балалар мен әйелдерді ұрып-соғу, мүгедектікке душар ету. Тіпті кісі өлтіру фактілері де жиі кездеседі»,- дейді мамандар. Елде зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдатылды. 10 айда 50 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы 700 тұрғынның ісі сотқа жолданды.
Марат Әбішев, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:
- Дегенмен бұл сандар шынайы жағдайдың көрінісі бола алмайды. Отбасындағы жанжалдың көбі жабулы қазан күйінде, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік жұмысшылардың назарынан тыс қалады. Тіпті жүйелі түрде сабап, қорқытып, психологиялық зомбылық жасау жағдайлары да жасырын қалады. Сарапшылардың жүргізген есебі бойынша елдегі әрбір үшінші әйел осындай қарым-қатынаспен бетпе-бет келеді.