Баспана кезегіне тұратындарға қойылатын талап өзгереді
Енді әкімдіктердің орнын тұрғын үйлерді «Отбасы банк» үлестіріп, бөледі. Осылайша қазақстандықтарға баспана беру тәртібі өзгереді. Бұл туралы Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасын таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Оның сөзінше, «Отбасы банк» екінші деңгейлі банктер қатарынан шығарылып, ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Сондықтан әкімдіктер базасына баспана бойынша кезекке тұру тоқтатылады. Ал кезектегі 646 мың адамның тізімі «Отбасы банкінің» базасына енгізіледі. «Тұрғын үй беру реті - есепке тұрған күні мен табыс деңгейіне байланысты болады»,- дейді министр.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Отбасы банкінде орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр. Отбасы банк базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оған қандай да бір санатына жататындығына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар тұра алатын болады.
Баспана кезегінде тұрғандардың үштен бірі, яғни 232 мыңы жуырда кезектен шығарылады. Қанат Шарлапаевтың сөзінше, 96 мың адам - соңғы 5 жылда пәтер иесі болған. «533 азаматтығы жоқ. Сондықтан олар заң бойынша баспанадан үмітті бола алмайды. Ал 15 мыңнан астамы о дүниелік болған. Қалғандарының тіркеуінде шикілік бар», - дейді министр. 91 мыңында тұрғылықты жері тіркеудегі мекенжайына сай келмесе, 29 мың адамда тіркеу мүлдем болмаған.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмысты бастап кетті. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21607 кезекте тұрған адамдар кезектен шығарылды.