Ақтөбелік диқандар тығырыққа тірелді
Ақтөбе облысында егін еккен 26 шаруа қожалығы несие төлемдерін кейінге шегеруді өтініп отыр. Күздей жауған жауынның салдарынан диқандар астықты дер кезінде ора алмаған. Кешеуілдеп жиналған бидайдың сапасы да мәз емес. Әлі күнге дейін орақ түспеген алқаптар да бар. Сондықтан облыстық әкімдік жанынан арнайы топ құрылып, мәселені зерделеуге кірісті. Жалпы биыл өңірде 420 мың гектар жерге дән себілген. Қазір олардың 95% орылды. Орташа түсім 10,2 центнер шамасында.
Нұрбек Райымбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Әйтеке биде 20 мың гектар алқаптай, Қаралыда 4 мың гектар алқаптай орылмаған алқаптар бар. Ол алқаптар қазір енді аяздың түсуін күтіп отыр. Шаруашылықтар аяз түскеннен кейін, жер қатқаннан кейін комбайнды шығарып, қалған алқаптарды шауып аламыз деп үміттеніп отыр.