Сыр диқандары күріштің аз су қажет ететін жаңа сұрыптарын егуді қолға алмақ
Сыр диқандары күріштің аз су қажет ететін жаңа сұрыптарын егуді қолға алмақ. Ауыл шаруашылығы саласында өнімділігі жоғары тұқым түрлерін шығарып, оны агроайналымға енгізу керектігін Мемлекет басшысы жолдауында айтқан болатын. Биыл өңірде жарты миллион тонна күріш жиналды. Түсімді арттыру мақсатында дәнді дақылдарды терең өңдейтін жоғары технологиялы кәсіпорындар желісін қалыптастыру жоспарланған. Агроөнеркәсіп кешеніне серпіліс беру үшін тағы істеу керек?
Қызылорда облысында жиын-терім аяқталды. Бірақ шаруалар сүдігер жыртып, күздік бидай егіп әлі де тыным табар емес. Диқандар қуаңшылыққа қарамастан әр гектардан орта есеппен 56,5 центнерден өнім жинап, қамбаға жарты миллион тонна астық құйды. Тіршілік нәрінің жылдан-жылға азаюына байланысты алдағы жылдары күріш алқабын 80 мың гектардан асырмау тапсырылды. Сыр еңбеккерлері әртараптандыру бағытына ойысып, күріштің аз су қажет ететін жаңа сұрыптарын егуді қолға алмақ.
Жүсіпбек Әжібеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Украиналық Маршал, Виконт, Премиум деген сорттарын 2-3 жылдан берін өндіріске енгізіп, енді ол сорттарды аудандастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ресейдің Яхонт, Патриот деген сорттары аздап егілді. Оларды сынақтан өткізудеміз. Негізінен өсу мерзімі бұрынғы ресейлік Лидер, Янтарь деген сорттарға қарағанда 1 апта, 10 күндей тезірек пісетін айырмашылығы бар.
Ырысты, күрішті өңірде жомарт жерді идіріп жүрген жанның бірі – Имамзада Шағыртаев. 20 жыл бұрын 500 гектардай алқапқа дән сеуіп бастаған шаруа қазір егістік көлемін 6 есеге арттырып, Таң ауылының 400-дей тұрғынына жұмыс тауып беріп отыр. Қос күріш зауыты бар кәсіпкер туған жерін түлетуге де елеулі үлес қосып келеді. Жол салдыртып, гүлзарлар мен саябақ, әлеуметтік нысандарды жаңартуға қаржы бөлген.
Имамзада Шағыртаев, Қазақстанның Еңбек Ері:
-Бірінші кезде 50-60 миллион бөлдік. Жыл сайын көбейтіп, қазір жылына 200-300 миллион теңге ақша осы елге инфраструктурасы дұрысталу жөнінен қайта мән бердік. Қазір соңғы уақытта арнайы өзіміздің ауылдың жалпы жоспарын жасап алып сонымен жұмыс жасап жатырмыз.
Дәулет Қасымханұлы, Таң ауылының тұрғыны:
-Ауылымызда тұру өте қолайлы. Біздің ауылымызда балабақша, спорт кешендері, мектебіміз, барлығы дерлік қазіргі таңда заманауи техникалармен қамтылған. Балабақшамыз 90 орындық. Жақында ғана Қазақстанның ең үздік балабақшасы атанды.
Алдағы жылдары өңірде су үнемдеуге айырықша мән беріліп, республикалық бюджеттен 20 шақты магистральды арна тазартылады. Шаруа қожалықтарына су үнемдеу технологиялары мен өлшеу құралдарын енгізу міндеті қойылды. Сонымен қатар суармалы егістікке негізделіп, инженерлік жүйеге келтірілген егіс алқабының 3 жылдық картасы қайта сызылады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев