Қарағандыда жас көшбасшылар іріктеледі
Қарағанды облысының оқушылары енді әлеуметтік көшбасшылық және жобалық жұмыс бойынша, білім беру курсынан өте алады. Жастар IT жобаларды дайындаумен қатар, оны жүзеге асыру жолдарын үйренеді. Ең бастысы, оқушылар үшін курс тегін. Тіпті кейбірі ЖОО-ның грантына ие болады.
Бүгінгі әлеуметтік-білім беру жобасының негізі қатысушылары ауыл және қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары. Олар тек өтініш беріп, іріктеу кезеңінде өздерінің көшбасшылық қасиетін көрсетсе болғаны. Топ жарып шыққандары ақтық сынға жолдама алады.
Сәуле Мырзабаева, 10-шы сынып оқушысы:
-Мен Шет ауданының Ағадыр кентінен Ю.Гагарин мектебінен келіп тұрмын. Мұндай жобалар көп болған бізде мысалы НИШ-қа әртүрлі жобаларға бардық, ІТ-дан, тағы да болашақта болады деп ойлаймын. Мен болашақта бұл жоба маған көмектеседі осы жобаның арқасында мен дамимын деп ойлаймын.
Бағдарлама Қазақстанның 6 облысында жүзеге асырылып жатыр. Іріктеу турларында оқушылар өз өңірлеріне қатысты әлеуметтік тақырыптарды көтереді. Ұйымдастырушылар оқушылар тарапынан ұсынылған ең жақсы бастамаларды жергілікті билік өкілдерінің қарауына жібереді.
Ерсайын Қабдырашев, ІТ маманы:
-Финалға бізде 36 бала жетеді. Біз оларды 3 топқа бөлеміз. Оларға жоба тақырыптарын береміз, профессионалды жетекшілерді береміз. Осы үш топ өз жобаларын қорғайды да 20 финалист жаңа университет грантына ие болады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттыру қажеттігін атап өткен. Мұндай жоба биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Келесі жылы елдің барлық өңірін қамту жоспарланған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.