Семейдің көпірін жапондықтар жөндейді
Семейліктерді сарсаңға салып келген аспалы көпірдің жыры бітетін болды. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев шаһардың символына айналған нысанның біржолата жөнделетінін айтты.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
-Асфальттың төсемін ауыстырамыз. Себебі сол көпірдің вибрациясынан осы асфальт тұрмайды. Себебі ол технология бізде қазіргі таңда жоқ, сол себептен оны жапондықтар келіп, жасап береді бізге.
Әкім атап өткендей, Жапон мамандары былтыр келіп, көпірдің жай-күйін бағалап, ақау шыққан жерлерін анықтап кеткен. Ол негізінен темір конструкциялар мен көпірдің белін ұстап тұрған тросстардың ішінара шіруі. «Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, ол аяқталған соң ақауларды жою жұмыстары басталады»,— деді облыс әкімі. Бұдан бөлек Ертіс өзенінің үстінен 4 жолақты жаңа көпір салынып жатыр. Ол 2025 жылы қолданысқа берілуі тиіс. Семейліктердің тағы бір сары уайымы — жылу электр орталығы. Нұрлан Ұранхаев келесі жылы нысанның құрылысы басталатынын мәлімдеді. Қазір техникалық экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр екен.