Маңғыстауда туризм дамиды
«Ақтауда Каспий теңізінің жағалауы толық абаттандырылуы мүмкін. Онымен түрік компаниясы айналыспақ. Олар қазір жоба әзірлеп жатыр»,— дейді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордада өткен брифингте. Әкімнің сөзінше, аймаққа қыдырып барушылардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, былтыр өлкеге 130 мың турист барса, биыл олардың қатары 180 мыңға жеткен. Алайда олардың тек 16 мыңы ғана шетелдіктер. Сондықтан Ақтауды әлемге таныту үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Одан қалды туризмнің экономикадағы жалпы үлесі де мардымсыз. Әкімнің айтуынша, 2025 жылға дейін аймақта 13 демалыс орны салынады.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
-Әлі де танымайтын адамдар, елдер бар. Сондықтан өз баяндамамда айтқандай Үкімет басшысының қатысуымен халықаралық форум болды дедік. Ол жерде Қазақстанда тіркелген елшіліктердің 25 елшісі қатысты ол жерге. Сол форумнан кейін олар Бозжыраға барды, Бекет атаға барды. Сол керемет жерлерді көргеннен кейін, «сендерде осындай жерлер бар екен, біз барып өз азаматтарымызға айтамыз» деген әңгімені айтты. Біз тек солар ғана айтады екен демей, маркетингтік жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.