Қытай Еуропаға Қазақстан арқылы шығуға неліктен мүдделі?
Мақтаарал-Дарбаза теміржол желісі қолданысқа берілген соң Өзбекстанмен жүк айналымы жеңілдейтіні анық және ең бастысы 9 станцияның іске қосылуы есебінен біздің еліміздің аумағындағы кей аудандардың тынысы жеңілдейтін болды. Себебі Түркістан облысының бір ауданынан екіншісіне бару үшін кей жерлерде Өзбек шекарасынан өтуге тура келетін. Сондай-ақ бүгін-ертең Бақты-Аягөз теміржол бағытының құрылысы сұранып тұр. Ол Бақты-Тачэн желісі арқылы Қытаймен арадағы тауар айналымын еселеп, елдің транзиттік тасымал әлеуетін арттыруы тиіс. Ал жалпы еліміздің транспорттық транзиттік әлеуеті және олардың келешегі қандай деген сұраққа сараптамалық орталықтан, шолушымыз Берік Дүйсенбай жауап іздеп көрді.
Берік Дүйсенбай, шолушы:
-Қытайдың Еуропамен алыс-берісі 600 млрд доллар шамасында. Ал құрлықтағы жүк тасымалының ең тиімдісі - теміржол. Осы ортадан өз нәпақамызды табу үшін, әрине, бізге қуаттылықты арттыру керек және Қытай бұрын Еуропаға Ресейдің Трансібірі арқылы 7 мың шақырымнан астам жолды еңсерсе, Қазақстан арқылы Румынияға дейінгі қашықтық 3 мыңның арғы-бергі жағы. Ертең тіпті Ресей жақ ашылған күннің өзінде, қытайлықтарға да, еуропалықтарға да Қазақстан арқылы саудаласу тиімді.
Транскаспий құрлық дәлізі. Оны орталық дәліз деп те айтады. Мемлекет басшысы 5+1 форматындағы барлық саммиттерде, оның сыртында Германия, Франция, Түркі мемлекеттері және Қытай лидерлерімен кездесулерде осы бағытқа баса мән бергенін білеміз. Оған Еуропа да, Қытай да, Орталық Азия елдері де мүдделі. Ал Дүниежүзілік банк өкілдері Астанаға келіп, осы аталған жобаға ат салысуға мүдделі екендіктерін аңғартты. Әуелі ұсыныстарын жариялады. Дүниежүзілік банк Орталық дәлізді оң нәтижеге жеткізетін 5 шартты атады. Қазақшалап айтсақ: «бес нәрсеге асық бол, саудаласам десеңіз»,— деді. Олар мыналар.
Андрей Михнев, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі:
-Бірінші шарт Транскаспий бағытын экономикалық дәліз ретінде қарастыру керек. Әр мемлекет өзінің ұлттық шеңберінен тыс тетіктерді қолдануы тиіс. Дәліз бойындағы логистика - ортақ қызметтер мен стандарттарды қабылдау. Кедендік процедураларды жеңілдету. Өзара ақпарат алмасуды жеделдету үшін барлық процесстерді цифрландыру және бесіншісі орталық дәліз бойындағы инфрақұрылымды жетілдіру.
«Осы 5 шартты Транскаспий дәлізі бойында отырған мемлекеттер ескермесе, жүк тасымалы 35% дейін төмендейді, ал ескерсе, алдағы 7 жылда келесідей нәтижеге жетуге болады», - деп болжап қойған екен Дүниежүзілік банк өкілдері.
Яғни Каспий теңізі арқылы тасымалданатын жүк тасымалының жалпы көлемі 3 есеге өсіп, 11 млн тоннадан асуы тиіс. Оның ішінде 7 млн тоннасы Транскаспий дәлізі елдеріне тиесілі болса, қалғаны Қытай мен Өзбекстаннан Еуропаға өтетін транзиттік жүктер болмақ. Дәліз елдеріне келсек, Қазақстанның үлесі 6.2 млн тонна, Грузияныкі 0.9 млн тонна және Әзербайжанның үлесі 0.7 млн тоннаны құрайды.
Дүниежүзілік банк өкілдері осындай үшбу ұсыныстарын алға тартып жатса, біздікілер бір сыдырғы жұмыстарды бастап та кеткен екен. Басқа басқа жол картасын жасау, цифрландыру, бір терезе арқылы оңтайландыру деген сияқты шаралар біздің қолдан келеді.
Олжас Сапарбеков, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су транспорты комитетінің төрағасы:
-Транскаспий дәлізін дамыту жөнінде жол картасын әзірледік. Оның шеңберінде 16 қарашада Қазақстан, Грузия және Әзірбайжанның теміржол әкімшіліктерімен бірлесе логистикалық компания құрдық. Ол бір терезе қағидаты және бірыңғай тариф негізінде транзиттік тасымалдарды үйлестіретін болады. Сонымен қатар сингапурлық компаниямен Көлік дәлізін цифрландыру бойынша жұмыс істеуге негіз жасалды. Ол бүкіл процедураралды жеңілдетеді және жеделдетеді.
Транзиттік тасымалдардың әлеуетін бағамдау үшін жалпы темір жол арқылы тасымалданатын исі жүк атаулының ахуалына тоқтала кеткен абзал. Локомотивтер мен вагон паркі жетіспейді деген уәжді көп естиміз, бірақ соған қарамастан біраз шаруа тындырылған екен.
Жыл басынан бергі 10 айдағы, еліміздегі жүк тасымалының негізгі көрсеткіштері мынадай. Жиыны 246 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3% көп. Транзиттік жүк тасымалына келсек, ол 19% өсіп, 22,5 млн тоннаны құрап отыр. Контейнерлік тасымал көлемі 15% артқан. Ал биылғы жылдың соңына дейін жүк тасымалының жалпы көлемі 300 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Сандарды сапырып, миллиардтарды санап ауыз толтырып жатырмыз. Қазір басталып жатқан жобалардан ертеңгі күні ел қандай игілік көреді деген ең басты және ең қарапайым сұрақ туындайды. Себебі ертең қазақ даласын көктей өтіп, көп жүк шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке ағылған кезде, оның ұлттық экономикаға тигізетін ықпалы болады емес пе?! Сарапшыдан сұрадық.
Сапарбай Жобаев, экономист:
-Бізден жүгін тасыған еуропалықтар, қытайлықтар жүгін бізден көп тасымалдау үшін төлем төлейді. Содан біздің бюджетіміз көбейеді. Бюджеттен біз 21 трлндық бюджетімізден 6 трлн ақшаны әлеуметтік салаға, жаңағы жәрдем беру, оқу, денсаулыққа беріп тұрған болсақ оны мүмкін 10 трлнға жеткізуге мүмкіндігіміз болатын шығар. Сонда біз ең кішкентай айлығымызды 75-85 мың емес, 100-105 мың қылуға мүмкіндігіміз болады.
Бұл алдағы 5-6 жылдың әңгімесі. Одан кейінгі перспективада, әлемдегі геосаяси ахуал алай-дүлей болып кетпесе, транзиттік тасымал еселене түсетінін бағамдау қиын емес.