Биыл құрылыс қарқыны бәсеңдейді
Мамандар мұны коммуналдық желілердің 51% тозуымен байланыстырып отыр. Оның үстіне қолжетімді ипотекалық бағдарламалар да жоқтың қасы. Сондықтан бірқатар құрылыс компаниялары нарықтан біржолата кетуі мүмкін. Ал тұрғын үй нарығында тағы нендей өзгерістер болады?
Мадина Чукеева ұзақ жылдан бері елордада пәтер сатумен айналысады. Қазір саудасы тұралап қалған. Бұрын ескі үйлердегі 3 бөлмелі пәтер саудасы қызса, қазір 1-2 бөлмелі пәтер де әзер сатылады,- дейді.
Мадина Чукеева, риэлтор:
-Қазандық жаңадан қағылып жатқан кезде адамдар сатып алады. Біткен кезде сатумен айналысады, иә? Сол кезде үстінен 2 млн-4млнға дейін табыс табады адамдар. Ал енді қазір халықтың ондай жағдайы жоқ. Бізде бар үй, 15 млнға алған үйді 15 млнға сатты. Өзі қалай алды бағасын, сондай бағамен сатты.
Жеке риэлторлардың сөзін Ұлттық статистика бюросының деректері де растайды. 7 жылда алғаш рет елде тұрғын үй бағасы арзандады. Басты себеп — сұраныс төмен. Қолжетімді ипотекалық бағдарламалар жоқ. Бұл жағдай жуырда өзгеруі мүмкін деген үміт бар. Көктемде 9-20-25 бағдарламасы іске қосылады. Әзір белгілі ақпарат бойынша, несие мөлшерлемесі 9%. Бастапқы жарна 20%. Қарызды 25 жылға бөліп төлеуге болады. Бұл ретте екінші нарықтағы дайын үйлерді ғана емес, «Қазақстандық тұрғын-үй компаниясы» кепілдігімен салынып жатқан тұрғын үй кешендерін де алуға мүмкіндік бар. Бірақ депутаттар капитал қоры 150 млрд теңгеден аспайтын, әрі негізінен жұмыс істейтін жастарға берілетін бағдарлама проблеманы түбегейлі шешпейді деп отыр.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Халық өзі жинай алатындай мүмкіндік болса, халық өзі алатын еді ғой. Ал қазір не? Айлығы шайлығынан аспай жатқан азаматтарымыз өте көбейіп кетті. Айналып келгенде сол бағдарламаға шектеу қойып, жасына болсын, жынысына болсын, одан кейін әлеуметтік санатына болсын шекаралар қойып тастаймыз да, былай-былай болу керек деп.
Сарапшылар жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың аты затына сай емес дейді. Парадокс – сондай бағдарламалар көбейген сайын, баспана құны да шарықтай түседі.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
-Жеңілдетілген ипотека арқылы әлеуметтік мәселені шешіп беру мүмкін нәрсе емес. Менің ойымша жалпы нарықтың өзі реттеу керек. Міне қазіргі уақытта осы жеңілдік несие болмаған күннің өзінде ипотека нарығында бір қалыпты жағдай қалыптасқан сияқты.
Лев Тетин, жылжымайтын мүлік жөніндегі халықаралық сарапшы
-Кез келген жеңілдетілген несие нарыққа кері әсерін тигізеді. Мәселен, Ұлттық банктің базалық үстемақысы – 16%, ипотека - 9%. Қалған 7% кім субсидия береді?! Мемлекет! Яғни біз бір қалтадан алған қымбат ақшамызды, арзандаттық деп екінші қалтамызға саламыз. Ұлттық қордан қаржы жұмсаймыз. Оны тірі нарыққа бағыттаймыз. Ал бұл үйлерді алған адамдар болашақта қайта сатуы мүмкін. Сонда мемлекет үшін оны арзандатып, қайтадан нарыққа жібергеннен не пайда? Баға осының әсерінен өсетінін ескеруіміз керек.
Сарапшылар тұрғын үй нарығындағы мәселе кешенді шешімді қажет етеді дейді. Бұл саладағы жылдар бойы қордаланған былықты бір күнде сүріп тастау да оңай шаруа емес.
Лев Тетин, жылжымайтын мүлік жөніндегі халықаралық сарапшы
-Балабақшадағы ұзын-сонар кезек, үш ауысымды мектеп мәселесі, коммуналдық желілердің тозуы құрылыс саласын тоқырауға алып келді. Оның үстіне, құрылыс материалдарының тең жартысы шетелден әкелінеді. Құны да қымбаттаған. Демек тұрақты бағаны қамтамасыз ете алмаймыз. Баспана бағасы шамамен 15% қымбаттауы ықтимал.
Мамандар бұл жағдайда құрылыс қарқыны баяулайды деп отыр. Бірқатар құрылыс компаниясы нарықтан кетуі де ғажап емес. Сондықтан олар Үкімет отырысында осы мәселе көтеріле ме деп күтуде.
Авторлары: Дана Әлиева, Тоқтар Терлікбаев, Дархан Кунтуов