Заңсыз берілген 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды
Заңсыз берілген және пайдаланылмаған жерді мемлекетке қайтару. Бұл сұрақтың басты үйлестірушісі Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағытта атқарылған жұмыстың қорытындысын жариялады.
Бұл іс 2022 жылы басталды. Мәселе жиі көтерілген соң жерге құр иелік етіп отырған шаруалардан маза кеткен. Не керек олар 3,4 млн гектар жерін өз мақсатына сай пайдалануға кірісті. Ал құлық танытпағандардан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарып алынған. Оның 2,8 млн гектары басқа жергілікті фермерлер мен тұрғындарға бөлінген.
Жерді қайтарып алу процесі екіжылдық мерзімнен 1 жылға дейін қысқартылды. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан жерге салынатын салық алдымен 10 есе, араға біраз уақыт салып 20 есеге дейін арттырылды.
Сарапшылар: «Бұл жерді босқа ұстауды тиімсіз етудің бір жолы», - дейді.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Ауыл тұрғындарының малын бағатындай жайылым жері босатылуы тиіс болатын. Нәтижесі жаман емес. Біз 2 жылда жерді қайтардық, осымен жұмыс тоқтап қалады деген сөз емес. Кез келген жерге қатысты біз жұмыстарды міндетті түрде министрлік тарапынан қадағалап, бақылап отырамыз.