Елорда іргесіндегі елді мекендердің дамуы қалай?
«Елорда іргесіндегі елді мекендердің дамуы мен жағдайы көңіл көншітпейді»,— дейді жергілікті тұрғындар. Астананың түбінде отырған халық әлі күнге дейін бірі ауызсуға, енді бірі жарыққа жарымай отырғанына наразы. Ал Үкімет бас шаһарды айнала қоныстанған елді мекендерді көркейтуді қолға алғалы 10 жыл. «Нәтижесі мардымсыз»,— деп отыр.
Астанаға тиіп тұрған Талапкер ауылының халқы ХХІ ғасырда ауызсуды осылай тасып ішеді. Тіршілік нәріне қол жеткізу үшін тұрғындар орталықтағы бірнеше құдыққа ұзын-сонар кезекке тұрады. Себебі елді мекенге орталықтандырылған су құбыры тартылмаған. Сөйтіп қысы-жазы олар су алудың жолында әуре-сарсаңға түседі.
Сайлау Әбеев, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Көліктері барларға жақын. Бірақ көп адамдар ар жақ шеттен, мына жақтан келіп шанамен тасып жүреді аязда, боранда. Сосын кезек болады. 1-2 сағат күтіп тұрады. Мына водакачка 2004 жылы қазанда ашылған. Ол кезде 100-150 ғана үй болатын. Қазір 50 мыңнан астам халық тұрады. Мұндағы ең өкініштісі халықтың ішіп отырған су кәдімгі құдықтың суы. Оны жай фильтровать етеді, размягчитель қосады.
Ауылда дәл осындай 5 құдық бар. Бірақ халықтың көбі осы жерге келеді.
Берген Жұмаділов, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Олардың бәрінің суы нашар. Бірақ халықтың бәрі осы жерден ішеміз. Сатып аламыз 5 теңгеден. Су мәселесін шешіп берсе бізге, Талапкер ауылына, жақсы болар еді.
Өз ауласынан құдық қазып алғандар да бар. Бірақ «оның суы өте тұзды, ішуге жарамайды»,— дейді тұрғындар. Айтуларынша, 2022 жылы Талапкерге су құбыры тартыла бастапты. Алайда басталған іс аяқсыз қалған.
Омар Нақыпов, Талапкер ауылы әкімінің орынбасары:
-2022 жылы ішкі құбырларын жүргізіп қойды. Ал бұл жобаның құны 12 млрд теңге негізі. Былтыр 500 млн бөлінді. Бұл бізде су құбыры Кенжебай сай, Рахымжан сай деген бар осы жерден 30 шақырым жерде. Ол жұмыстар басталды. Құбырлар тартылса, магистраль келсе 2025 жылы осы су мәселесі шешілуде.
Ауылда шешімін таппаған мәселе мұнымен бітпейді.
Фақиға Тұрсынова, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Ауылдың ішіне бір автобус жіберсе екен. Осы жақтан поликлиникаға барып жүретін. Өйткені поликлиника алыс. Таксистер қымбат алады.
Бұл тек Талапкерге емес, Астана айналасындағы ауылдардың бәріне ортақ жағдай. Халық көп болғандықтан жедел жәрдем, дәрігер, мектепте орын да жеткіліксіз. Жарық тапшылығы тағы бар. Жылдар бойы қордаланып, күн өткен сайын күрделене түскен мәселелер осылай тізбектеле береді.
Астана қаласының іргесіндегі ауылдардың қар құрсауында қалатын кездері де жиі боп тұрады. Мәселен, жақында боран соғып, Қоянды ауылының шеткі аумақтарындағы үйлер бірнеше күн бойы осылай қар астында жатты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана агломерациясын дамытуды жиі айтып жүр. Мемлекет басшысының сөзінше, елорда маңындағы жаңа өндіріс ошақтары мен инфрақұрылымдық нысандар іргедегі ауылдардың әлеуетін арттыруға ықпал етуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Астананың және Ақмола облысының әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.
Жұмысты жандандыруға тырысқан Үкімет өткен жылдың соңында Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын қайта жасап шықты. Одан бөлек арнайы Заң жобасы бекітілді. Ұлттық экономика министрлігі ұсынған құжат 2024-2028 жылдарға арналған. Оған Қосшы қаласынан бастап бас-аяғы 46 елді мекен кіреді. Олардың 30 шақтысы Целиноград, 12-сі Аршалы, ал үшеуі Шортанды ауданының ауылдары.
Алмагүл Шүгірмақова, Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
-Кешенді жоспарға сай әлеуметтік сала бойынша аталған ауылдарда 25 жоба жүзеге асырылады. Атап айтсақ, білім, медицина, мәдениет және спорт нысандары салынады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 75 жоба қарастырылған. Ол арқылы су және кәріз құбырлары, электр мен жылу желілері тартылады.
Сондай-ақ жоспар бойынша 5 жыл ішінде 1 мың шақырымға жуық жол да жөнделіп, елді мекендердің көктемгі су тасқынына дайындығы күшейтілмек. Ал мұның барлығына 1 трлн теңгеге жуық қаражат қажет. Оның жартысы республикалық бюджеттен бөлінсе, қалғаны облыс қазынасы мен жеке инвестиция есебінен қарастырылмақ. Айта кетейін, қазір Астананың іргесіндегі ауылдарда 300 мыңнан астам халық тұрады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Евгений Шинкаренко