Алматыдағы ауруханада көздің қасаң қабығы ауыстырылды
Елімізде көздің қасаң қабығы бұзылған 1000 аса адам операция кезегінде тұр. «Жанары бұлыңғырлағандар саны жыл санап артып келеді», - дейді дәрігерлер. Адамдардың көру қабілетін қалпына келтіретін күрделі трансплантация Қазақ ұлттық медициналық университетінің клиникасында тұрақты жасалып келеді. Бүгінде 105 адамның көзінің қасаң қабығы ауыстырылған. Қымбат әрі донорды қажет ететін отаға қарапайым халық қалай қол жеткізе алады?
Көздің қасаң қабығын ауыстыру – аса күрделі операцияның бірі. Кез келген клиниканың қолынан келе бермейтін трансплантация Алматыдағы «Ақсай» ауруханасында жүргізіледі. Университеттік мекемеде кеше 4 науқасқа ота жасалды. Соның бірі – Нұрболат Әкімбаев. Оның бір көзін ақ басып, 2008 жылдан бері көрмей қалған.
Нұрболат Әкімбаев, Алматы облысының тұрғыны:
- Ары-бері дәрігерге көріндім. «Көзің жарамайды, алып тастаймыз, орнына протез саламыз»,- деді. Одан кейін осы жақында мына кісілерге хабарластым. Марат Смағұлұлына қабылдауына жазылдым, хабарластым «кел»,- деді.
Науқастарға арналған көздің қасаң қабығы АҚШ әкелінеді. Ол мәйіттік донордан алынады. Жоба Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан халқына» қоры мен университеттің үшжақты келісімі арқасында жүзеге асып отыр. Мұнда өткен жылдың мамыр айынан бері 105 адамға операция жасалды.
Марат Сүлейменов, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ офтальмологиялық орталығының жетекшісі:
- Көздің қасаң қабығы алдын-ала толық зерттеледі. Инфекцияларға тексеріліп, арнайы стирилизациядан өтеді. Жұқпалы, қауіпті аурулардың бар немесе жоғы анықталады.
Пациенттер жарты сағаттық отадан кейін бірнеше сағат дәрігердің бақылауында болады. Содан соң амбулаторлық емге жіберіледі. Олар университеттік клиникаға тұрақты келіп, тексеріліп тұруы қажет. Операциядан бір күн өткен соң Нұрболаттың жағдайын білуге біз де келдік. Оның бойынан кешегідей қобалжуды байқамадық.
Нұрболат Әкімбаев, Алматы облысының тұрғыны:
- Кеше операциядан кейін есімді білемін жарық бар, түсіндіңіз ба? Мен 2008 бері көрмедім ғой мысалы. Одан кейін аяқ астынан кішкентай жарық көрсеңіз қандай сезім болады? Күшті екен. Енді ары қарай көріп кететін шығармын деп олаймын.
Ота сәтті өтіпті. Науқастардың көзінде асқыну немесе ісіну белгілері жоқ. Олар енді бір аптадан кейін кезекті тексеруге келеді. Университеттік аурухана дәрігерлерінің айтуынша, жыл соңына дейін біраз адамға трансплантация жасалмақ.
Марат Сүлейменов, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ офтальмологиялық орталығының жетекшісі:
- Донорлық қасаң қабықтың пациент ағзасына үйренісу үлесі жоғары. Бірінші кезекте қасаң қабық көзге орнығуы керек. Содан кейін ғана көру қабілеті пайда бола бастайды. Әрине 100% көрмесе де бұрыңғыдан әлдеқайда жақсы көретін болады. Толық сауыққанша бақылаймыз.
Елімізде көздің қасаң қабығын ауыстыру 2015 жылға дейін тұрақты жүргізілді. Жылына 100 адамға операция жасалыпты. 2015 жылы мәйіттік донор туралы заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұл ота түрі сиреп кеткен. Қазір донорлық қасаң қабық тек АҚШ жеткізіледі екен.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабев