Шетелдік компаниялар салық төлейді
Сенатта «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау хаттамасын ратификациялау туралы» Заң мақұлданды. Сенатор Бекболат Орынбековтің сөзінше, құжат аталған одаққа мүше елдердің аумағында электрондық қызметтер нарығын дамытуға және жергілікті салық есебіне қоюды жеңілдетуге, оларға қосылған құн салығын төлеу тетігін енгізуге мүмкіндік береді.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Интернет порталдарда өтетін сауда-саттық жеке тұлғаларға қосымша құн салығын салу мәселесін толық шешкен болатынбыз. Бүгінгі хаттама соның жалғасы деп білеміз. Жалпы айтып отырғандай 2022-2023 жылы «Гугл» компаниясынан мысалы, бір компанияның өзінен ҚҚС 29,4 млрд теңге қаржы түскен болатын. Бүгінгі хаттаманы ратификациялау мәселесі негізінде қосымша 20 млрд қаржы түседі деп болжап отырмыз.
Еліміздің денсаулық сақтау саласына ауқымды ревизия жүргізіледі. Бұл туралы жаңа министр Ақмарал Әлназарова айтты. Ведомство басшысы қаржының мақсатты игерілуінен бастап жобалардың жүзеге асырылуына дейін тексерілетінін мәлімдеді. Кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент медицина саласын сынға алды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімсіздігін мысал еткен Тоқаев «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында емханалар өте аз салынғанын да айтты. «Жұмысымды дәл осы олқылықтарды ретке келтірумен бастаймын», - дейді министр. Сонымен бірге Әлназарова денсаулық сақтау саласына сыбайлас жемқорлық бойынша диагностика жүргізуді қолға алмақ.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жемқорлық сын-қатерлері бірнеше бағыт бойынша жиі кездеседі. Оны біз кеше талқылап үлгердік. Мәселен, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті – лицензия мен сертификат беретін орган. Міне, онда да жемқорлық деректері байқалады. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен кешенді жоспар әзірленеді. Жұмыс нәтижелі болады деп ойлаймын.