ШҚО-да қарғын судан қауіп көп
Ел шығысында соңғы тәулікте күн райы мың құбылып, құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдерін аяқтан тік тұрғызды. Біресе боран соғып жол жабылса, біресе таудағы қар еріп, ауыл-аймаққа қарғын су жайылып кете жаздады. Ал тау арасында көшкін жүріп, күрежолды басып қалды.
Құбылған ауа райы көктемгі тасқынға дайындықты бір сынағандай. Күн күрт жылынған кезде таудағы қар еріп, етектегі ауылдарға қауіп күшейді. Қатонқарағайлықтар Алтынбел, Жұлдыз елді мекендері маңына гүрілдеп келген судың бетін әрең қайтарды. Ал Өскеменнің шеткі Ахмер ықшамауданында арықтан асқан су бір үйдің ауласын басып алды. «Әсіресе Зайсанда жағдай күрделі болды», - дейді мамандар. Өйткені өрден келген су лезде көшелерге лап қойған.
Қуатбек Кенжебекұлы, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- Таудағы еріген қарлар көшелерге ағып, бір бағытқа салдық та басында тұрып, жеке құрам бар, жергілікті атқарушы орган бар, полиция, шекара қызметкерлері де қатысты. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда аса маңызды үлкен көлемде тасқын қауіп-қатері туып тұрған жоқ.
Бұл күндері көршілес Абай облысындағы мамандардан да маза қашты. Ақсуат ауданындағы Қызылкесік, Ойшілік ауылдары мен Көккемер қыстауындағы 10-ға жуық аулаға қарғын су кірді. 30 адам, 7 техника жұмылдырылып, қауіптің беті қайтарылды.
Жол үсті де тыныш болмады. Қатты боран салдарынан бірнеше бағыттағы трасса жабылды. Ресейге бара жатқан жолаушылар автобусы ақтүтекте қарға кептеліп, дәл шекарадағы бейтарап аумақта тұрып қалған. Дегенмен 25 адамға көмек тез жетті.
Айдын Нұралдинов, жол компаниясының бас инженері:
- Бірден көмекке бардық. Біз сол жерге жеткен кезде онда тек сол автобус қана емес, жеңіл көлік пен жүк көліктері де жүре алмай тұр екен. Қарды ашып, оларды да жолға салдық.
Күн райының күрт құбылуы жол сапасына ерекше әсер етеді. Сондықтан қазір бақылау күшейтілді.
Саяхат Мұсапыров, Облыстық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» бөлім басшысы:
- Жауын-шашыннан қайтадан қар боранға ауысып жатыр. Бұл бізде филиал тарапынан қысқы күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді. Өйткені облыста Өскемен - Рахман қайнары, Өскемен, Риддер, Өскемен - Шемонаиха жолдарына қазір қар көп түсуде.
Жақында Өскемен - Қатонқарағай жолын таудан сырғыған 1500 текше метр қар басып қалды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өлкеде аяз күшейіп, әзірге қарғын судан қатер сейілді.
Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов