Құмар ойынға қарсы күрес жоспары әзірленіп жатыр
Лудоманиямен қалай күресеміз? Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері осы мәселені талқылады. Жиынға төрағалық еткен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин лудомания – ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін қауіптердің бірі деп атады. Себебі елдегі ажырасулардың жартысынан астамына құмар ойынға құмарлық себепкер. Одан бөлек басқа да зардаптары жетерлік.
Қазақстанда қазір құмар ойындарға құныққандардың қатары тек ресми дерек бойныша 350 мыңнан асады. Ал олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 млн теңге. Жыл басынан бері 300 астам лото клуб жабылып, 4,5 мыңға жуық сайт бұғатталса да, лудоманияға шалдыққандардың азаятын түрі жоқ. Сондықтан онымен күрес бір сәтке де тоқтамауы тиіс.
Айта кетейін, Жастар саясаты жөніндегі кеңес бүгінде лудоманиямен күрес жоспарын әзірлеп жатыр.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Мына тақырып өте өзекті. Біз жастар мәселесімен айналысамыз десек, бұл ең бірінші қолға алып айналысатын жұмыс. Бізде социологиялық зерттеулерді қарайтын болсаңыз, әрбір бесінші жас адам осы кеселге шалдыққан. Сондықтан біз бұл мәселені талқылап жатқанымыз.