Астанада 5 мыңға жуық студент көшені қоқыстан тазалады
Астанада 5 мыңға жуық студент көшеге шықты.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінің жастары білім ордасының ауласынан бастап, бірнеше көшені қоқыстан тазалады. Студенттерге 800-ден астам оқытушы, шаһар кітапханашылары мен музей қызметкерлері де қосылды. Осылайша олар Жеңіс даңғылын, Сәкен Сейфуллин көшесі мен жазушы атындағы мұражайдың маңайын ретке келтірді.
Аталған іс-шара Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында өткізілді. Бір айға созылатын игі істер эстафетасын студенттер замандастарына жолдады.
Қанат Тіреуов, университет ректоры:
- Бүгінгі сенбілікпен біз тоқтамаймыз. Алдағы уақытта әр сенбі сайын жасалып тұратын нәрсе. Біз енді Астана қаласындағы тұңғыш университет болған соң, агротехникалық университет болған соң, бізде орман шаруашылығы факультетіміз бар. Өзіміздің университеттің алдынан бастап, қаланың парктері болсын, сквері болсын, аллея болсын, ағаш отырғызу, қаламен бірлесе отырып, жұмыс жасаймыз.