Су тасқыны болған аймақтарда егіс науқаны кеш басталуы мүмкін
Су тасқынынан биыл еліміздің бірнеше аймағында мыңдаған га егін себетін алқап су астында қалды. Жүздеген тонна тұқым қоры да суға кеткен. Бұл көктемгі егіс науқанына қаншалықты кері әсер етеді? Жауаптылар не дейді?
Егіншілердің мәселесін өткен аптада Парламент қабырғасында Сенат депутаты Арман Өтеғұлов көтерді. Айтуынша, биыл егін себу науқаны тасқынның кесірінен уақытынан кеш басталуы мүмкін. Оның үстіне осы жылы астық жылдағыдан мыңдаған га кем себіледі. Ал мұның бәрі қымбатшылыққа алып келуі ықтимал.
Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жедел деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Өкінішке орай Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде су астында қалған егістік жерлері туралы нақты мәлімет берген жоқ. Батыс Қазақстан облысында жалпы 4 мыңға жуық күздік және 1 гектар жылыжай су астында қалғаны анықталып отыр.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің сөзінше, алаңдауға негіз жоқ. «Бірнеше облыста 180 тонна бидай суға кеткенімен, тұқым қоры одан кемімейді, яғни артығымен жетеді», - деп отыр. Егістік науқанының мерзіміне келсек, еліміздің астық себетін аймақтарында ол негізінен мамыр айының ортасында басталады. Сондықтан оған дейін су кетіп, жер кебетінін айтады.
Айхан Сұлтан, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары:
- Ал батыста су астында қалған 4 мың га жуық, солтүстіктегі 2 мың 700 га егіс алқабы топырақты өңдеу арқылы қалыпқа келтіріледі. Биыл 460 мың га бидай алқабы қысқарып, оның орнына майлы дақылдар мен мал азығы егіледі. Бұл – егінді әртараптандыру бойынша алдын ала жоспарға сай атқарылып жатқан жұмыс.
Сондай-ақ биыл суды көп қажет ететін дақыл түрлері де аз егіледі. Мәселен, Сыр өңірінде күріш алқабы 10 мың га азайды. Себебі Сырдың суы сирақтан да келмей тұр. Биыл өзенге тіршілік нәрі 600 млн текше метрге кем түскен. Сондықтан шаруалар суды кезекпен пайдалануы мүмкін. Өңірде биыл күріштің жеті түрі егілсе, оның екеуі тез пісетін әрі құрғақшылыққа төзімді сұрыптар.
Жүсіпбек Әжібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Сонымен бірге Түркиядан жаңа екі сортты әкеліп, оны Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының алқабында тәжіребиелік сынақтан өткізуге жұмыстар жасап жатырмыз.
Иә, құрғақшылық жыл өткен сайын күшейіп барады. Синоптиктер биыл да жаз ыстық болады деп болжап отыр. Тіпті, осы мамыр айының өзінде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болмақ. Сондай-ақ маусым айында да елдің басым бөлігінде күн әдеттегіден қатты ысиды.
Қамар Сәлиева, «Қазгидромет» АҚ басқарма басшысы:
- Маусымдық ұзақ мерзімді ауа райы болжамы бойынша жаздың басында маусымда жауын-шашын Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз күтілсе, шілде және тамыз айларында елдің басым аймақтарында норма шамасында және нормадан көп. Ал оңтүстік аймақтарда нормадан аз болып болжанады.
Су тасқыны мен осындай өзге де климаттық жағдайларды ескеріп, биыл шаруаларға берілетін жеңілдетілген несие көлемі ұлғайтылған. Ол жылдағы 100 млрд теңгеден 400 млрд теңгеге көтеріліпті. Ал облыстық бюджеттерде тек қана егіншілерге берілетін субсидияның өзіне 95 млрд теңге қарастырылған.
Айта кетейік, осы жылы шаруалар 24 млн га жуық алқапқа дән егеді. Ал оның 13 млн гектары - бидай.
Дамир Берікұлы, Самат Оспанов