Соғыс ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік көмек төленді
Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 148 ардагері тұрады. Оларға Жеңіс күні қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Оның көлемі жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай әр облыста дербес белгіленген.
Мәселен, ең көбі Ақмола облысында. Бір адамға – 3 млн теңге. Ал Астана және Алматы қалалары мен Ақтөбе, Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облысында – 2 млн теңгеден. Басқа облыстарда бұдан төмен. Еліміз бойынша орташа мөлшері - 1,5 млн теңгені құрапты. Жалпы алғанда 187 млн теңге бөлінген.
Шетел валютасымен айтсақ, соғыс ардагерлеріне берілген әлеуметтік көмек орташа ессепен Қазақстанда 3 800 АҚШ долларынан асады. Тәжікстанда 2300 болса, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь пен Өзбекстанда ол - 1130-1570 доллар аралығында. Грузия мен Молдовада - 750 және 565 доллардан тағайындалыпты. Ресейде соғыс ардагерлеріне - 107 доллардан беріліпті.