Хабар телеарнасы

Экономиканы ырықтандыру шаралары жөніндегі жарлықтың қандай берері бар?

Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Мұндай құжаттың қажеттігін Президент осыдан тура 3 ай бұрын айтқан еді. Ол бәсекелестікті дамытуға, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқартып, бизнесті өркендетуге бағытталған. Жарлықтың тағы қандай берері бар?

Экономиканы ырықтандыру шаралары жөніндегі жарлық екі мәселені шешуі тиіс. Бір жағынан ол кәсіпкерлердің құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтуге ұмтылса, екінші жағынан экономикадағы мемлекеттің араласуын шектеуді, сәйкесінше басы артық шығындарды қысқартуды көздейді. Дәл осы екі фактор экономикадағы түйткілдің екі басы сияқты болып тұр.

Жарлық пәрменімен қазынадан жылына миллиардтап қаржы алатын ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік институттардың саны аязады. Елімізде ортақ қазанға ортақтасқан ондай 6 мыңға жуық кәсіпорын бар екен.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік автобус парктері, микроқаржы ұйымдары, аумақтарды тазалау және абаттандыру ұйымдары, қонақүйлер мен санаторийлер, күзет агенттіктері бар. Олар өз қызметіне тікелей тапсырыстар мен субсидиялар алады. Мысалы, 2024 жылда ғана Қызылорда электр желісін тарату компаниясы, коммуналдық мекемесі, құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу шеңберінде жеке бәсекелестер бола тұра 1 млрд теңге сомаға 300 келісімшартты алған.

Республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік активтер биыл толық тексеріледі. Жаңа жарлық 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін квазимемлекеттік сектор нысандарын құруға мораторий жариялайды және қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның біразын жекешелендіреді. Президент Жарлығы жер мәселесін де қамтиды. Бұл шара жер телімін заңсыз беруге тосқауыл қоюы керек.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жалпы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында күмәнді жолмен жерді иеленіп алған жер иелері мен жер үлескерлері арасында конфликтілердің ушығып кеткені соншалықты, халыққа қарсы автоматпен оқ ату, үлескерлерді үйлерінің алдында күзетіп ұрып-соғу, өлтіру туралы қорқыту әрекеттері ушығып кетті.

Енді жауапты министрлік 2025 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер туралы барлық деректі толық цифрландыруы тиіс. Әзірге бұл жұмыстың 80% атқарылған. Жер бұдан былай электронды конкурс арқылы ғана беріледі. Жарлықта бизнесті дамытуға да басымдық берілген.

Әділ Құсманов, Экономикалық зерттеулер институты төрағасының орынбасары:
-Экономиканы ырықтандыру дегеніміз – кәсіпкерлікке кең жол ашып, оларды түрлі кедергілерден арылту. Ал мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту, бәсекелестікті арттырады. Бәсекелестік күшейген сайын бизнес нысандары да көбейе береді. Бизнес нысандары көбейген сайын бағалар тұрақталып, экономикалық тепе-теңдік пайда болады. Мұның арты тіпті, бағалардың төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Енді мұнай мен газды сақтау және тасымалдау секілді қазір тек мемлекеттің өзі атқарып отырған жұмыстармен жеке кәсіпкерлер де айналысады. Құрылыс саласында қомақты қаржыны талап ететін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлемей-ақ, халықаралық стандарттарға сай келетін дайын жобаларды пайдалануға рұқсат беріледі. Ал бұл - қаражатты едәуір үнемдеуге сеп болмақ. Өйткені қазіргі заңнамаға сәйкес бізде сметалық құжаттың бағасы жобаның жалпы құнының кемінде 10% тең. Ал оның кімнің қалтасына кетіп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Әлібек Әлиев