Хабар телеарнасы

Мәжіліс Мемлекеттік сатып алу туралы заңды мақұлдады

Жаңаша мемлекеттік сатып алу.. Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Өзгерістерге сәйкес жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беріліп, келісімді рәсімдеу мерзімі едәуір қысқартылатын болды. Құжатта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру көзделген. Ол қалай жүзеге асырылады?

Сондықтан да бұл заң ұзақ талқылаудан өтті. Әр тиынның сауатты жұмсалып, тиісінше қадағалануы халықтың тұрмысын өзгертуге тікелей әсер етеді. Себебі елдегі ең ірі деген инфрақұрылымдық және өзге де құрылыс жұмыстары тап осы мемлекеттік сатып алудың аясында орындалады.

Бұған дейін негізінен кім төмен баға ұсынса сол ұтады деген қағида негізге алынып келді. Бұл белгілі деңгейде жұмыстың сапасыз орындалуына әсер етті. Кей жағдайларда құрылыс аяқсыз қалды. Тіпті ақшасын алса да жұмысты бастамаған кәсіпкерлер де болды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Заңда сатып алынатын тауарлардың бағасынан бұрын оның сапасына басымдық беріледі. Бұл өте маңызды мәселе. Рәсімдердің мерзімі едәуір қысқартылатын болады және жергілікті тауар өндірушіге артықшылық берілетін болады.

Сондай-ақ құрылысты жүргізуге өтініш берген компанияның сол өңірде белгілі мөлшерде материалдық базасы мен қызметкерлері болуы керек деген талап енгізіліпті. Себебі қолында түк болмаса да, сыртта отырып тендерді ұтатын ал артынан жергілікті компанияны жалдап тапсырысты орындаушылар көбейген.

Айтпақшы қосалқы мердігерлерді тартудың үлесі жаңа заңда 50-ден 30% дейін төмендетілді. Ал сапа болуы үшін конкурста айтылған бағаны 3% артық төмендетуге болмайды. Конкурс кезінде еңбек өтілі бір жылдан асқан компанияларға қосымша 1 ұпай беріледі. Сонымен қатар қоғамдық бақылау институты енгізіледі.

Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице министрі:
-Сіздер салынып жатқан объектінің мерзімінен қалып жатқанын көріп жатсаңыздар тапсырыс берушіге өзіңіз шағым түсіре аласыз. Ол белгілі шешім қабылдауы, әрекет жасауы керек. Ол жұмыс істеп жатқан мердігерге барып өзінің жұмысты орындау бойынша хабарландыру керек. Оны біз заңда қандай талаптар екенін көрсеткенбіз.

Жалпы мемлекеттік сатып алу порталы ашық болады. Демек оған кез келген адам кіріп, көре алады. Мерігерлер болса атқарған жұмыстары туралы сол жерде есеп беріп, қажет ақпаратты жариялап тұруға міндетті.

Заңға бас-аяғы 457 түзету енгізілген. Жаңа редакциядағы құжат енді Сенаттың талқылауына жіберілді. Ол жерде де екі оқылымда қаралады. Сарапшылардың жобалауынша заң 2025 жылдан бастан күшіне енуі мүмкін.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков