Елімізге атом электр станциясы керек пе?
Көптің көкейіндегі сұрақ бүгін елордада өткен жиында тағы талқыға түсті. Стейк-холдерлер, яғни мүдделі адамдардың форумына мемлекеттік органдар, атом, ядролық физика саласының ғалымдары, қоғам белсенділері мен экологтар қатысты. Жиналғандар Қазақстанға атом энергиясы ауадай қажет дегенге келіскенімен, оны кім салады дегенге ортақ байлам таба алмаған секілді.
Атом алдымен ауылға керек. Бүгін Астанадағы жиынға Балқаштың жағасындағы Үлкен ауылынан келгендер осылай деді.
АЭС салынса, осы жерде бой көтеруі мүмкін деген ауыл осы — Үлкен. «1999 жылы Үлкен кентіне келген МАГАТЭ-нің делегациясы атом энергетикасы үшін үлкен ммүмкіндік осы, Үлкенде деп баға берген»,— дейді ауыл тұрғындары.
Болаттай Рахимов, Үлкен ауылының тұрғыны:
-Ол жерде бәрі бар. Тура Үлкеннің жанында. Цемент те шығады, уран да шығады. Совет одағының кезінде бізден 50 шақырым жерде уран шығарған. 800 метрге дейін уран шығарған. Тура Балқаштың түбінде.
Бүгінгі жиында панельдік сессия ұйымдастырылып, тараптар пікір алысты. Бәрі мойындайтын бір ақиқат бар.
«Елде қуат көздерінің тапшылығы сезілуде. Электр стансаларының тозуы, отандық энергетикалық машина жасау саласының жоқтығы сияқты проблемалар жағдайды одан сайын ушықтырады. Бұл ретте Жасыл энергия талаптарына сай, өнімділігі жоғары қуат көзі керек. Ол — Атом электр станциясы», — дейді жиналғандар. Оны салу, яки салмау тағдыры референдумда шешіледі. Егер халық батасын берсе 4 компания «біз дайын» деп алақан ысып отыр.
Асуан Сиябеков, «Қазақстанның атом электр станциялары» компаниясының бас инженері:
-Мына компания жақсы, мына компания жаман деген басымдық әлі берілген емес. Ең бастапқы критерий ол бізде қауіпсіздік қой. Кейіннен бұл жердегі жаңағыдай біздің энергия жүйемізге қайсы жақын келеді, одан кейінгі жаңағыдай қаржылық жағынан қайсысы оңтайлы болып келеді, Үкімет барлық ақшаны Қазақстаннан алмайды ғой, оған мердігер өзіндік қаражатымен келуі керек. Соның бәрін саралап бір шешімге келеміз деп ойлаймын.
Атом стансасының құрылысына қарсы тараптың уәждері бірнеше. Негізгілері: «Ертең Балқаш тартылып, экологиялық апатқа ұрынамыз, Чернобыль қайталануы мүмкін, атом жалпы қауіпті әрі зиян дегенге саяды».
Тимур Жантикин, «Қазақстанның атом электр станциялары» компаниясының бас директоры:
-Қисынға келмейтін сұрақтар көп. Біз оларды миф дейміз. Атом стансасының жылу электр стансасынан айырмашылығы біреу ғана. Жылуда көмір қазандығы болса, атомда ядролық реактор тұрады. Болды. Айырмашылық осы ғана. Атом стансасы суды көп жұтады, зиянды қалдықтары көп деген уәждердің барлығы шындыққа жанаспайды. АЭС-ке қарағанда жылу электр стансасынан бөлінетін зиянды қалдық әлдеқайда көп.
«Атом стансасы 100 жыл қызмет етеді. Оған кеткен шығын сол 100 жылға бөлінеді. Яғни жел электр станцияларына қарағанда бұл әлдеқайда арзан»,— дейді мамандар. АЭС Үлкен кентінде салынуы мүмкін деп жүрміз ғой, айтпақшы аталған ауылдың тұрғыны не дейді?!
Болаттай Рахимов, Үлкен ауылының тұрғыны:
-Егер атомды игермесең, біз нені игеруіміз керек? Сонда атомның тақырыбын жауып тастасақ. Атом уран, ядерная энергетиканы. Сонда біз нені зерттеуіміз керек? Қайтадан онда кигіз үйімізді алып, 100 қойымызды алайық та, балаларға қой бақтырайық.
4 үміткер компанияның нақты қайсысына таңдау түсетіні әзірге белгісіз. Олардың бәрі бірігіп салуға тағы болмайды. Белгілісі референдум өткенше келіссөздер тоқтатылған. Халық АЭС салу керек деп тапса, келіссөздер қайта жалғасады. Ал энергетика министрлігі мамандармен бірлесіп, біз таңдап отырған су-сулы реакторларды зерттеп жүр екен.
Ғұмар Серғазин, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директоры:
-Кореяның тәжірибесін айтуға болады. Біз оны алтын стандарт деп атаймыз. Біріккен Араб әмірліктерінде олар Барака атом электр стансасын межелі уақытта салып шықты. Реактор қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Кореяның 50 жыл бұрын іске қосылғандары бар, кейінгі жылдары қосылған және қазір қолданысқа енгізіліп жатқан реакторларымен жақсы таныспыз. Өте жақсы жұмыс істер тұр.
Балқаштың іргесіне атом стансасы салынғанымен ол елдегі қуат тапшылығы мәселесін түбегейлі шешіп бермейді. Қажет қуаттың 2% өндіріп береді және оңтүстік өңірлерді қуат көзімен қамтиды. Базалық қуат көзі ретінде АЭС салынса, ол келесі ұрпақ үшін энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің үлкен қадамы болуы мүмкін.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Қобыланды Өтегенов