Елордада «Aiala» арт-эко фестивалі өтті
Экобелсенділер жасарып келеді. Олай дейтін себебіміз – 250-ден астам жасөспірім елімізде алғаш рет өткен «Aiala» атты эко-арт фестиваліндегі байқауға қатысты. Олар түрлі бейне, фотосуреттер мен мүсіндер арқылы табиғатқа деген жанашырлығын көрсетті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға 36 финалист іріктеліпті.
Нұржігіт Науханбаев үшін бұл күн тосын сыйға толы болды. «Әрле» аталымы бойынша жеңімпаз атанған бозбала ең алдымен Қызылордадағы ұстазына хабарласты
Ұстазының тәлімімен Нұржігіт қолындағы қобыз бен домбыраны 3 аптада жасаған. Мына аспаптар шын мәнінде қалдық заттардан әзірленген экобұйым саналады.
Нұржігіт Науханбаев, жеңімпаз:
- Көптеген қателескен жерлерім болды және оны басынан істеу керек болды. Бұл жасағаным қалдық заттардан тұрады. Сымдардан және мынау машина бөлшегі шкифтен. Қалдық заттарға екінші өмір сыйлағым келді.
Нұржігіттен бөлек, осы байқауда тағы 5 жеңімпаз бар. Олардың бәрі әртүрлі аталым бойынша үздік деп танылған.
Атап айтсақ, «Бейнеле», «Қара», «Сезің», «Сөйле», «Өрнекте» деген номинация жеңімпаздарының әрқайсысы 1 млн теңгеге ие болды.
Лима Диас, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:
- Біз бұл эко-арт фестивалі әрі қарай да жалғасын табады деп үміттенеміз. Себебі жастарға шығармашылық арқылы қоршаған ортаға қамқорлық жасап, өз сезімдерін білдіруге мүмкіндік беру өте маңызды деп санаймыз.
Нариман Әбілшайықов, қайырымдылық қорының басқарушы директоры:
- Бастапқы жобаға айтып кетейін, 8-10 сыныптың оқушылары қатысып отыр. Қазақстанның бүкіл 20 облысынан 180 ауданынан балалар қатысып отыр. Көбінесе өзіміз көргендей, Ақтөбе облысының оқушылары белсенді болды.
Бейбітшілік және келісім сарайындағы арт-экофестиваль қалың көрермен үшін де есігін айқара ашты. Келушілер қазақстандық суретшілердің инсталяцияларымен танысып, киіз басу, кескіндеме, қағаз қалдықтарынан панно жасау сынды түрлі шеберлік сабақтарына да қатысты.
Дана Әлиева, Қанат Абильдин